Абай облысында полицейлер жолда сынып қалған арнайы техниканың жүргізушісіне көмектесті
Абай облысында полицейлер жолда сынып қалған арнайы техниканың жүргізушісіне көмектесті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
8 мамыр күні сағат 09:45 шамасында Алматы-Өскемен тас жолының 921 шақырымында "Погрузчик” арнайы техникасы қозғалтқышының істен шығуы салдарынан жолдың ортасында тоқтап қалды.
Оқиға орнына сол маңда қызмет атқарып жүрген патрульдік полиция ротасының қызметкерлері – Берік Аккулов пен Мейіржан Жақсыбек дереу жетіп, жағдайды бағалады. Полиция қызметкерлері жолда қалған жүргізушінің қауіпсіздігі мен жол қозғалысының тәртібін қамтамасыз ету үшін бірден әрекетке кірісті.
Жол бойында тұрған арнайы техникаға көмек көрсету мақсатында полицейлер Жаңғызтөбе аумағынан келе жатқан "Трал" ауыр техникасын тасымалдаушы көлікті тоқтатып, жүргізушіден жолда қалған техникаға көмек көрсетуді өтінді. Трал жүргізушісі де бірден қиын жағдайға тап болған азаматқа қол ұшын созуға асықты.
Сол сәтте жолдағы басқа қатысушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін полицейлер жолдың бір бөлігін уақытша жапты. Үйлесімді жұмыстың нәтижесінде "Погрузчик" жүк көлігіне тиеліп, жақын маңдағы ауылға қарай жөнелтілді.
Арнайы техника жүргізушісіне көрсетілген жедел көмек арқасында "Погрузчик" жол бойынан қауіпсіз жерге жеткізілді, ал жол қозғалысы қысқа уақыт ішінде қайта қалпына келтірілді. Жүргізуші полицейлерге – сондай-ақ "Трал" жүргізушісіне шын жүректен алғысын білдірді:
- Алыс жолда бір өзім қалғанда бірден жанымнан табылған полиция қызметкерлеріне алғысым шексіз. Не істерімді білмей абдырап тұрған сәтімде бірден іске кірісіп, жолда кетіп бара жатқан көлікті тоқтатып, көмек сұрап, мені жалғыз қалдырмады. Қолдауларыңыз бен көмектеріңізге ризамын, - деді ол.
