Павлодар облысында жалған нөмір таққан жүргізушілер жауапкершілікке тартылды
Павлодар облысында жалған нөмір таққан жүргізушілер жауапкершілікке тартылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Өткізілген іс-шаралар барысында облыс жолдарында жалған мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгілерін пайдаланған 12 автокөлік жүргізушісі анықталды.
Жалпы жол қозғалысы ережелерін бұзғаны үшін 431 жүргізуші жауапкершілікке тартылды. Оның ішінде: 141 жүргізуші — оқылмайтын мемлекеттік нөмірмен көлік басқарғаны үшін, 23 — нөмірлік белгілерсіз көлік басқарғаны үшін, 12 — жалған мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгілерін пайдаланғаны үшін, 118 — көлік басқару кезінде телефон қолданғаны үшін, 119 — қауіпсіздік белдігін тақпағаны үшін, 16 жүргізуші мас күйінде көлік басқарғаны үшін жауапқа тартылды. Жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзған 32 автокөлік арнайы айып тұрағына қойылды.
– "Жалған нөмір" жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында рейдтік іс-шаралар жүргізілуде. Мәселен, Омск–Майқапшағай тас жолында белгіленген талаптарға сай келмейтін жалған нөмірлерді пайдаланған КамАЗ тоқтатылды. Сондай-ақ, УАЗ автокөлігінің жүргізушісі де белгіленген талаптарға сәйкес келмейтін нөмірлік белгілермен қала ішінде қозғалған. Аталған екі жүргізуші де Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес, жауапкершілікке тартылды. Көлік құралдары процессуалдық шешім қабылданғанға дейін арнайы автотұраққа қойылды, – деп хабарлады Павлодар облысы ПД әкімшілік полиция басқармасының бастығы Бакибай Ахмедьянов.
Полиция жалған немесе өзгертілген мемлекеттік нөмірлік белгілерді пайдалану жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзу болып табылатынын және заңнамада жауапкершілік көзделгенін еске салады. Мұндай іс-шаралар жолдардағы құқық бұзушылықтардың алдын алуға және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған.
