Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қызылорда облысында сотталған азаматтар кәсіби дағдыларын дамытуда

Қызылорда облысында сотталған азаматтар кәсіби дағдыларын дамытуда, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Қызылорда облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарасты №37 мекемеде жазасын өтеушілер 100 пайыз жұмыспен қамтылған. Мұнда сотталған азаматтардың бірі тігін цехында жұмыс істесе, енді бірі темірден түйін түйіп, дәнекерлеу ісімен айналысады. Ал тағы бірі темір тұлпарға жан бітіріп, көлік жөндейді.

Бостандықта жүргенде де көлік жөндеумен айналысқан, бүгінде де сол кәсібін жалғастырып жүрген жазасын өтеуші өз кәсібилігі жайлы бөлісті.

— Көлік жөндеу – менің бала кезден қызығып, әуестенген ісім. Бостандықта жүргенде осы кәсіппен айналысып, машиналардың моторын шашып, қайта жинайтынмын. Жылдар бойы жинаған тәжірибем бар, — дейді ол.

Мекемеге келгеннен кейін оның бұл қабілеті ескеріліп, көлік жөндеу жұмысына орналастырылған. Қазіргі таңда ол негізінен автокөліктердің моторын жөндеумен айналысады.

— Машинаның жүрегі – мотор. Күтімі мықты, уақытылы жөнделіп тұратын көлік ешқашан жолда қалдырмайды. Моторын мықтап қарап, ауыстырып отырған жөн. Бір көлікті жөндеуге кейде үш күн, кей жағдайда жұмыстың күрделілігіне қарай бір аптаға дейін уақыт кетеді. Әр істің өз жауапкершілігі бар, — дейді жазасын өтеуші.

Ол өз кәсібін ерекше жақсы көретінін де жасырмады.

— Өз ісімді жанымдай жақсы көремін. Жұмысың өзіңе ұнаса, өмірдің өзі бір ғанибет. Қылмыс жасап, жаза өтеп жүрсем де, сүйікті ісім мені керісінше алға жетелейді, жаңа мақсаттарға ұмтылдырады, — дейді аталған азамат.

Темір тұлпарға жан бітіріп жүрген жазасын өтеуші бостандыққа шыққан соң да осы кәсібін жалғастырып, адал еңбек етуді мақсат етіп отыр.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру