Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Талдықорғанда полицейлер әкелер жиналысын өткізді

Талдықорғанда полицейлер әкелер жиналысын өткізді, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Жетісу облысы полиция департаментінің қызметкерлері Талдықорған қаласындағы №2 мектепте профилактикалық бағыттағы әкелер жиналысын өткізді. Кездесу әкенің бала тәрбиесіндегі рөлін күшейтуге және жасөспірімдер арасында заңға бағынатын мінез-құлық қалыптастыруға бағытталды.

Полиция қызметкерлерінің айтуынша, баланың тұлғалық негізі ең алдымен отбасында қаланады. Көптеген балалар үшін әке – алғашқы әрі басты бедел. Әкенің жеке үлгісі баланың заңға, тәртіпке, жауапкершілікке және қоғамға деген көзқарасына тікелей әсер етеді.

Жиналыс барысында әкелерге жол қозғалысы ережелерін сақтау, қауіпсіздік белдігін міндетті түрде тағу және балаларға күнделікті қауіпсіз мінез-құлық мәдениетін қалыптастырудың маңызы түсіндірілді. Сонымен қатар кәмелетке толмағандардың жауапкершілігі туралы заң нормалары түсіндірілді: ауыр қылмыстардың бірқатары бойынша қылмыстық жауапкершілік 14 жастан, ал жалпы тәртіп бойынша 16 жастан басталатыны айтылды.

Сондай-ақ, оқушылардың кәсіби бағдарлануына ерекше назар аударылды. Полиция өкілдері Ішкі істер министрлігінің оқу орындарына түсу мүмкіндіктері мен ішкі істер органдарындағы қызметтің ерекшеліктері туралы ақпарат берді.

– Қоғамдағы тәртіп – отбасындағы тәртіптен басталады. Егер бала кішкентайынан заңды құрметтеуді, жауапкершілік пен тәртіпті көріп өссе, ертең елдің болашағын сеніп тапсыруға болатын азамат болып қалыптасады. Бұл үдерісте әкенің рөлі – шешуші, – деп атап өтті полиция қызметкерлері.

Мұндай кездесулер алдағы уақытта өзге де білім беру ұйымдарында жалғасады. Себебі құқықбұзушылықтың алдын алу және заңға бағынатын ұрпақ тәрбиелеу – отбасы, мектеп және мемлекеттің ортақ міндеті.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру