Алматыда полиция мен жеке күзет ұйымдарының кездесуі өтті
Алматыда полиция мен жеке күзет ұйымдарының кездесуі өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Алматыда жалпы білім беретін мектептерде, мектепке дейінгі ұйымдарда, сондай-ақ адамдар көп шоғырланатын ірі нысандарда, оның ішінде сауда үйлері мен қаржы мекемелерінде қауіпсіздікті қамтамасыз ететін жеке күзет ұйымдарының өкілдерімен полиция қызметкерлерінің жұмыс кездесуі өтті.
Іс-шара Алматы қаласы полиция департаментінің күзет қызметін бақылау жөніндегі бөлімімен ұйымдастырылып, қоғамдық қауіпсіздік басқармасы мен экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлерінің қолдауымен өткізілді.
Кездесу барысында қауіпсіздік шараларын күшейту, күзетшілердің жауапкершілігі, кадрларды іріктеу мен даярлау сапасы, сондай-ақ персоналдың төтенше және стандарттан тыс жағдайларда әрекет ету дайындығы негізгі тақырыптар ретінде талқыланды.
Балалардың қауіпсіздігіне ерекше назар аударылды. Мектептер мен балабақшалар террористік тұрғыдан осал нысандар санатына жатады және жоғары деңгейдегі қорғалу мен бақылауды талап етеді.
Алматы қаласы Полиция департаментінің күзет қызметін бақылау жөніндегі бөлімінің бастығы Бахтияр Темірбеков күзет қызметінің маңызын атап өтті.
– Күзетші – бұл жай ғана бекетте тұрған адам емес. Ол қауіпті алғашқы болып байқап, дұрыс әрекет етіп, адамдарды қорғауға тиіс. Білім беру ұйымдарында оның кәсібилігі балалардың қауіпсіздігіне тікелей әсер етеді. Сондықтан кадрларды іріктеуге, олардың даярлығына және тәртібіне ерекше мән береміз, – деді ол.
Спикер тексерулер барысында күзет қызметінің бар-жоғы ғана емес, оның нақты жағдайда әрекет етуге дайындығы да бағаланатынын атап өтті.
– Маңыздысы – кезекшілік кестесінде немесе журналда тіркеліп тұру ғана емес. Күзетші күдікті зат анықталған кезде, күш қолдану қаупі төнгенде немесе заңсыз кіру әрекеті болған жағдайда қалай әрекет ету керектігін нақты білуі тиіс. Біз нұсқаулықтарды меңгеру деңгейін, практикалық дағдыларды және полициямен өзара іс-қимылды тексереміз, – деп толықтырды ол.
Кездесу аясында адамдар көп шоғырланатын нысандардағы – сауда үйлері мен қаржы ұйымдарындағы қауіпсіздік мәселелері де қаралды. Бұл нысандар да террористік тұрғыдан осал санатқа жатады және антитеррористік қорғалу талаптарының қатаң сақталуын қажет етеді.
