Көлік полицейлері теміржолда қауіпсіздік ережелерін сақтауға шақырады
Көлік полицейлері теміржолда қауіпсіздік ережелерін сақтауға шақырады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Астана-1 теміржол вокзалы аумағында көліктегі полиция департаментінің қызметкерлері "Теміржолдағы заң мен тәртіп: қаупі жоғары аймақ" атты профилактикалық іс-шара өткізді.
Аталған іс-шараның мақсаты – теміржол көлігі объектілеріндегі жазатайым оқиғалардың алдын алу, ата-аналар мен балаларға теміржолдың қауіптілігі жоғары аймақ екенін ескерту, сондай-ақ қауіпсіз мінез-құлық мәдениетін қалыптастыру және азаматтарды ақпараттандыру.
– Біздің негізгі міндетіміз – азаматтардың қауіпсіздік мәселелері мен белгіленген ережелерді сақтауға жауапкершілікпен қарауын қалыптастыру. "Заң мен тәртіп" қағидаты – өз мен айналасындағылардың қауіпсіздігін ойлайтын әрбір адамның міндеті, – деп атап өтті Астана станциясындағы желілік полиция бөлімінің бастығының орынбасары Дастан Дармурзин.
Департаменттің әкімшілік полиция басқармасының мәліметінше, 2025 жылы теміржол көлігі объектілерінде, білім беру мекемелерінде және халықпен кездесулер барысында 27 мыңнан астам профилактикалық іс-шара өткізілген. Алайда, жүргізіліп жатқан алдын алу жұмыстарына қарамастан, азаматтардың теміржол көлігінің қозғалыс қауіпсіздігі ережелерін бұзу фактілері әлі болып жатыр.
Атап айтқанда, өткен жылы шұғыл тежелудің 1869 фактісі тіркелген, оның ішінде адамдардың теміржолда болуы салдарынан 334 дерек тіркелді. Сонымен қатар департаментте теміржол көлігімен азаматтардың жарақаттануының 77 фактісі тіркелген, оның жартысына жуығы адам шығынымен аяқталған.
Көлік полицейлерінің айтуынша, жазатайым оқиғалардың негізгі себептері – азаматтардың қаупі жоғары аймақта қауіпсіздік ережелерін өрескел бұзу және оларды елемеу. Көбіне тұрғындар жолды қысқарту мақсатында вагондардың астынан немесе теміржолды рұқсат етілмеген жерлерден кесіп өтеді.
Осы орайда, азаматтарды теміржол инфрақұрылымы объектілерінің маңында сақ мейілінше болуға шақырамыз. Өмір мен денсаулықты сақтау мақсатында теміржол жолдарын тек арнайы белгіленген әрі жабдықталған орындарда, қозғалып келе жатқан пойыздардың, локомотивтердің немесе вагондардың жоқтығына толық көз жеткізгеннен кейін ғана өту керек.
Станциялар мен аралықтарда теміржол жолдарда болған кезде вагондардың астынан өтпеу және автотіркемелердің үстінен асып өтпеңіз. Сондай-ақ теміржолдан өту кезінде құлаққап пен ұялы телефонды пайдалануға қатаң тыйым салынады.
Іс-шара барысында тәртіп сақшылары азаматтарға қауіпсіздік талаптарын түсіндіріп, ақпараттық буклеттер таратып, қайғылы оқиғалардың нақты мысалдарын келтірді.
Көліктегі полицейлер тағы да азаматтарды жеке қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауға шақырады. Теміржол жолдарда тек арнайы белгіленген орындардан ғана өтіп, балаларды теміржол маңында қараусыз қалдырмау қажеттігін еске салады.
