Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Жетісу облысында полицейлер жолда қалған жүргізушіге қол ұшын созды

Жетісу облысында полицейлер жолда қалған жүргізушіге қол ұшын созды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Алматы – Өскемен тасжолының 455-шақырымында Бақалы асуында ірі жүк көлігі көтерілу кезінде тоқтап қалған. Кейін белгілі болғандай, автокөліктің дизель отыны таусылып, қатты аяз салдарынан жүргізуші қозғалысты жалғастыра алмаған.

Оқиға орнына Жетісу облысы полиция департаментінің Сарқан ауданы полиция батальонына қарасты №33 экипаж қызметкерлері жедел көмек көрсетті. Полиция қызметкері Дияс Рыскелдинов жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін әріптесі Ануар Ақабековті жүргізушінің жанында қалдырып, өзі шамамен 10 шақырым қашықтықтағы ауылға барып, канистра тауып, 30 литр дизель отынын алып келген.

Дизель отынын құйғанымен, қатты аяз салдарынан жүк көлігі бірден оталмаған. Осыған байланысты полиция қызметкерлері жолдан өтіп бара жатқан өзге жүк көліктерін тоқтатып, аккумулятормен оталдыру жұмыстарын ұйымдастырды. Көлікті жылытып, іске қосуға шамамен үш сағат уақыт жұмсалды.

Осы уақыт аралығында полиция қызметкерлері жол қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, көлік ағынын бақылауда ұстады. Нәтижесінде жүк көлігі іске қосылып, жол қозғалысы қалыпты режимде қайта жалғасты.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру