Павлодарда оқушыларға алаяқтықтан сақтану жолдары түсіндірілді
Павлодарда оқушыларға алаяқтықтан сақтану жолдары түсіндірілді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Полиция қызметкерлері облыстық дарынды балаларға арналған қазақ-түрік лицей-интернатының оқушыларымен алаяқтықтың алдын алу мақсатында түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Алаяқтықтың түрлері мен тәсілдері туралы ақпарат интернет пен әлеуметтік желілерде кеңінен таралып, теледидардан сюжеттер көрсетіліп, газеттерде мақалалар жарияланып, сауда орындары мен банктерде жадынамалар мен парақшалар орналастырылып отырғанына қарамастан, азаматтар әлі де қылмыстық әрекеттердің құрбаны болып отыр.
— Қазіргі заманғы технологиялардың дамуы және ақпараттық ортаның жылдам өзгеруі бізден алаяқтықтан қорғану мәселелерін тереңірек түсінуді және бұл үдерістерге белсенді қатысуды талап етеді, — деді Павлодар облысының цифрлық технологиялар басқармасының ақпараттық қауіпсіздік жөніндегі бас маманы Андрей Троян.
Кездесу барысында ол оқушыларға алаяқтықтың негізгі түрлері мен жасалу тәсілдері туралы айтып, павлодарлықтардың өз жинақтарынан айырылған нақты жағдайларды мысал ретінде келтірді. Қарапайым әрі түсінікті түрде алаяқтардың құрбаны болмау, жеке деректер мен қаржыны сақтау жолдары бойынша кеңестер беріп, азаматтарды алдаудың кең таралған схемаларына ерекше назар аударды.

Сондай-ақ белгісіз нөмірлерден келетін қоңырауларға сенбеу керектігі, қоңырау шалушы өзін банк қызметкері, мемлекеттік орган немесе құқық қорғау құрылымының өкілі ретінде таныстырса да, әңгімені бірден тоқтатқан дұрыс екені айтылды.
Бұдан бөлек, күмәнді сілтемелерге өтпеу, аз танымал интернет-дүкендерге және онлайн хабарландыру платформаларындағы тексерілмеген сатушыларға сенбеу қажеттігі ескертілді. Ешбір жағдайда жеке деректерді, банк карталары мен шоттарының мәліметтерін үшінші тұлғаларға беруге болмайды.
Кездесу соңында спикер құжаттарды рәсімдеу, несие алу, тұрғын үй немесе әлеуметтік көмек мәселелерін шешуді ұсынып, күмәнді қызмет көрсететін бейтаныс адамдарға сенбеуге шақырды.
