Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қарағандыда балалар арасында сурет байқауы ұйымдастырылды

Қарағанды облысының полиция департаментінде "Адал полицей" акциясы аясында "Менің ата-анам - менің мақтанышым" атты балалар сурет байқауының қорытындысы жарияланды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Байқауға ішкі істер органдарында қызмет атқаратын полиция қызметкерлерінің балалары қатысып, 50-ден астам туынды қазылар алқасының қарауына ұсынылды. Жас суретшілер өз жұмыстары арқылы ата-аналарының қызметіне деген құрметі мен мақтаныш сезімін шынайы жеткізе білді. Әрбір суретте құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету жолындағы қажырлы еңбекке деген бала жүрегінен шыққан ықылас айқын көрініс тапты.

Қорытындылау күні ұйымдастырылған сурет көрмесі полиция департаментінің көркіне айналып, қызметкерлер мен қонақтардың ерекше назарын аударды. Іс-шара барысында Қарағанды облысы ПД бастығының орынбасары Даурен Ибраев сөз сөйлеп, мұндай байқаулардың өскелең ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеудегі және адалдық, жауапкершілік сынды құндылықтарды қалыптастырудағы маңызын атап өтті.

– Бұл байқау балалардың шығармашылық қабілетін дамытумен қатар, олардың бойына әділдік, адал қызмет ету, Отанға деген сүйіспеншілік секілді асыл қасиеттерді сіңіруге бағытталған. Әрбір туындыдан ата-анасына деген шынайы сүйіспеншілік пен құрмет айқын аңғарылады, - деді Даурен Ибраев.

Байқау қорытындысы бойынша 10 жасқа дейінгі қатысушылар арасында Қарағанды қаласы патрульдік полиция полкінің взвод командирі Жандос Оспановтың қызы Мариям жеңімпаз атанды. Ал 11–14 жас аралығында А.Бөкейханов атындағы полиция бөлімінің учаскелік инспекторы Мейржан Саутбаевтың ұлы Мақсаттың жұмысы үздік деп танылды.

Іс-шара соңында ұйымдастырушылар байқауға белсене қатысқан барлық балаға, оларды қолдаған ата-аналарға және байқауды ұйымдастыруға атсалысқан әріптестерге алғыс білдірді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру