Риддерде алғашқы "Жас сақшы" полиция сыныбы ашылды
Риддер қаласындағы №12 орта мектепте "Жас сақшы" полиция сыныбы құрылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Бұл сыныпқа қызметтік борышын өтеу кезінде ерлікпен қаза тапқан Лениногорск қалалық ішкі істер бөлімінің аға учаскелік инспекторы, милиция капитаны Талғат Кітаппаевтың есімі берілді.
Талғат Кітаппаев 1965 жылы Катонқарағай ауданының Медведка ауылында дүниеге келген. 1986–1998 жылдар аралығында Лениногорск қаласының ішкі істер органдарында қызмет атқарды. 1998 жылдың 14 қарашасында Черная Уба өзенінің жоғарғы жағында жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу кезінде ерлікпен қаза тапты.

Полиция сыныбына 7-сыныптың 10 оқушысы қабылданды. Жобаның басты мақсаты — жастарды тәртіпке, заңды құрметтеуге және отансүйгіштікке тәрбиелеу, сондай-ақ мектеп оқушыларына болашақ мамандығын саналы түрде таңдауға бағыт-бағдар беру.
Ашылу салтанатына жергілікті атқарушы орган өкілдері, ішкі істер органдарының басшылығы мен ардагерлері, Талғат Кітаппаевтың туған-туыстары, сондай-ақ оқушылардың ата-аналары мен тәлімгерлері қатысты.
Іс-шара Қазақстан Республикасының Әнұранымен ашылды. "Жас сақшы" сыныбының оқушылары саптық дайындық элементтері мен арнайы қойылымдарын көрсетті. Рәсім салтанатты түрде ант қабылдау және куәліктерді тапсыру сәтімен түйінделді.

Оқушылар үшін полиция үлгісіндегі арнайы киім нысаны әзірленіп, оқу кабинеті тақырыптық стендтермен және қажетті жабдықтармен жарақтандырылған.
Шығыс Қазақстан облысының білім басқармасымен келісе отырып, құқық қорғау қызметінің негіздері, алғашқы әскери дайындық және алғашқы медициналық көмек көрсету бойынша сабақтар енгізілді. Сабақтарды өткізуге бейінді мамандар, соның ішінде полиция қызметкерлері жұмылдырылған.
