Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Астанада жол ережесін өрескел бұзған азаматтар жауапқа тартылды

"Қауіпсіз жол" ЖПІШ аясында Астанада жол ережесін өрескел бұзған азаматтар анықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

23–25 қаңтар аралығында елордада жол-көлік оқиғаларын азайтуға және жол қауіпсіздігі саласындағы құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған "Қауіпсіз жол" республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілуде.

Алғашқы күннің қорытындысы бойынша Жол қозғалысы ережелерінің 798 бұзушылығы анықталды. Мемлекеттік тіркеу нөмірлерін оқылмайтын немесе талапқа сай емес күйде пайдалану бойынша 43 дерек, қарсы қозғалыс жолағына шығудың 8 дерегі, көлік басқару кезінде телефон қолданудың 45 дерегі, жолаушыларды тасымалдау қағидаларын және қауіпсіздік белдігін пайдалану талаптарын бұзудың 75 дерегі тіркелді.

Сондай-ақ мас күйінде көлік басқарудың 6 дерегі мен жаяу жүргіншілер тарапынан жол қозғалысы ережелерін бұзудың 127 дерегі анықталды.

Сонымен қатар іс-шара барысында өрескел құқық бұзушылықтарға жол бергені үшін 25 автокөлік арнайы тұраққа қойылды.

Тәртіп сақшылары жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзған азаматты тоқтатты. 45 жастағы жеңіл автокөлік жүргізушісі қарсы қозғалыс жолағына шығып, жол қозғалысына қатысушыларға қауіп төндірген. Жүргізушіге қатысты материалдар сотқа жолданды. Аталған азаматқа қатысты тиісті шаралар қабылданып жатыр.

Полиция жол қозғалысына қатысушыларды жол ережелерін қатаң сақтауға және жолдағы қауіпсіздік әрқайсымызға байланысты екенін ұмытпауға шақырады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру