Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Павлодар облысында интернет-алаяқтыққа қарсы профилактикалық іс-шаралар жүргізілуде

Павлодар облысында интернет-алаяқтыққа қарсы профилактикалық іс-шаралар жүргізілуде, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Павлодар қаласында полиция қызметкерлері тұрғындар арасында интернет-алаяқтықтың алдын алу мақсатында түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Іс-шаралар аясында полиция қызметкерлері азаматтарды алаяқтықтың ең кең таралған схемелері туралы хабардар етіп, ақпараттық буклеттер таратып, тұрғындармен әңгімелесу жұмыстарын жүргізеді, сондай-ақ көпқабатты тұрғын үйлердің подъездерінде және басқа да қоғамдық орындарда профилактикалық ескертпелерді орналастырады.

– Бүгін біз Павлодар мұнай-химия зауытында болдық. Кездесу барысында кәсіпорын қызметкерлеріне интернет және телефон алаяқтық саласындағы ең көп кездесетін алдау схемелері түсіндірілді, сондай-ақ жеке деректер мен қаржыны қорғау бойынша практикалық ұсыныстар берілді, – деді Павлодар қаласы киберқылмыспен күрес басқармасы бастығының уақытша міндетін атқарушы Олжас Рашитов.

Спикер атап өткендей, ерекше назар қарттарға аударылады, өйткені олар көбіне алаяқтардың құрбанына айналады. Полиция қызметкерлері қылмыскерлердің қандай тәсілдер қолданатынын, қандай айла-шараларға баратынын түсіндіреді және алданбау үшін қандай нәрселерге мән беру керектігін көрсетеді. Азаматтарға үшінші тұлғаларға жеке деректерді, SMS-хабарламалардағы кодтарды және банк реквизиттерін берудің қабылданбайтыны ескертіледі.

Сонымен қатар күдікті қоңыраулар немесе хабарламалар болған жағдайда әрекет алгоритмі түсіндіріліп, жедел байланыс нөмірлері жеткізіледі. Полиция тұрғындарды сақ болуға және алынған ақпараттың шынайылығына күмән туса, дереу жақын маңдағы полиция бөлімшесіне хабарлауға немесе “102” нөміріне қоңырау шалуға шақырады.

Профилактика қылмыстармен күресудің және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етудің ең тиімді тәсілдерінің бірі болып қала береді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру