Абай облысында полиция қызметкерлері студенттерге қауіпсіздік сабағын өтті
Абай облысында есірткі қылмысының алдын алу және оған қарсы іс-қимыл шаралары бойынша қауіпсіздік сабағы өткізілді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Абай облысында "Геодезия, картография және құрылыс жоғары колледжі" КМҚК студенттері үшін ерекше маңызды және тәрбиелік мәні зор іс-шара өткізілді. Абай облысы полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының жедел уәкілі Жанболат Мұстафа студенттерге "Есірткі қылмысының алдын алу және оған қарсы іс-қимыл шаралары" тақырыбында профилактикалық лекция өткізді.

Лекцияның негізгі мақсаты – жас ұрпақ арасында есірткіге қарсы сананы қалыптастыру, құқықтық сауаттылықты арттыру және салауатты өмір салтын насихаттау. Полиция қызметкері лекция барысында тек қана заңдық жауапкершілік туралы айтып қана қоймай, есірткі заттарының адам организміне және психологиясына тигізетін зиянын нақты мысалдар арқылы түсіндірді.

Студенттерге қазіргі қоғамдағы есірткі қылмысының зардаптары мен оның ауыр салдары туралы кеңінен ақпарат берілді. Сонымен қатар алдын алу шараларының маңыздылығы, достармен, отбасымен және қоғаммен дұрыс қарым-қатынас орнатудың, өз хоббиі мен спортқа уақыт бөлудің адам өміріндегі рөлі ерекше атап өтілді. Лекция барысында полиция капитаны жастарға есірткіге қатысты кез келген күдік туындаса, қалай дұрыс әрекет ету керектігі және қандай жолдармен көмек сұрауға болатыны туралы практикалық кеңестер берді.
Іс-шараның соңында студенттер белсенді сұрақтар қойып, өздерін қызықтырған мәселелер бойынша кеңінен ақпарат алды.
