Павлодарда жастар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу мәселелері талқыланды
Павлодарда жастар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу мәселелері талқыланды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Павлодар жоғары медициналық колледжінде халық пен жастар арасында профилактиканың өзекті мәселелерін талқылау мақсатында полиция қызметкерлерінің қатысуымен педагогикалық кеңес өтті.
– Кездесу барысында нашақорлықтың алдын алу, сондай-ақ кәмелетке толмағандар мен 20 жасқа толмаған тұлғалар тарапынан жасалатын құқық бұзушылықтардың алдын алу мәселелері қаралды. Жастардың тұлға болып қалыптасуында, құқықтық сауаттылығын арттыруда және өз болашағына жауапкершілікпен қарауға тәрбиелеуде педагогтардың рөліне ерекше назар аударылады, – деп мәлімдеді Павлодар қаласы ПБ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл жөніндегі ерекше тапсырмалар бойынша аға жедел уәкілі Эльмира Сейтахметова.
Полиция қызметкерлері есірткі құралдарының зияны, оларды тұтынудың салдары және заңсыз айналымы туралы баяндады. Сонымен қатар "жеңіл табыс" пен "жоғары жалақы" деген желеумен жастарды қылмыстық әрекетке, оның ішінде таратушы ретінде тарту мәселесі қозғалды. Мұндай әрекеттердің ауыр қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғатыны және адамның болашақ өміріне кері әсер ететіні атап өтілді.
Бұдан бөлек, Павлодар қаласының ПБП-8 учаскелік полиция инспекторлары орта және егде жастағы азаматтар жиі алданатын алаяқтық мәселесіне назар аударды. Диалог барысында алаяқтықтың кең тараған түрлері, азаматтарды алаяқтық схемаларға тарту тәсілдері, сондай-ақ өздерін және жақындарын қорғау үшін қабылдануы тиіс шаралар қарастырылды.
Педагогикалық кеңес қорытындысы бойынша қатысушылар профилактикалық жұмыстың маңыздылығын, сондай-ақ құқық бұзушылықтардың алдын алу және халықтың құқықтық мәдениетін арттыру мәселелерінде педагогтар мен полиция қызметкерлерінің тығыз өзара іс-қимылының қажеттігін атап өтті.
