Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қызылордада жазасын өтеушілер арасында отбасын құру көрсеткіші артып келеді

Қызылордада жазасын өтеушілер арасында отбасын құру көрсеткіші артып келеді, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Қызылорда облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің мекемелерінде бүгінде мыңнан аса азамат жазасын өтеп жатыр. Бас бостандығынан айырылғандар арасында өміріне жаңа бетбұрыс жасап, отбасын құруға ниет білдіріп жатқандар да бар.

Жыл басынан бері ҚАЖ мекемелерінде жазасын өтеуші 6 азамат заңды некеге тұрған. Ал 2025 жылдың өзінде 70-ке жуық сотталған шаңырақ көтерген. Жуырда ұрлық бабы бойынша сотталған тағы бір азамат сүйіктісімен некесін заңдастырып, отбасылы атанды.

— Бүгін мен үшін ерекше күн. Отбасын құрып жатырмын. Алдағы өмірге жоспарым көп. Мекемеде өткізілетін психологиялық тренингтерге тұрақты қатысамын, сонымен қатар жұмыс істеймін. Мекеменің өндіріс аймағындағы жеке кәсіпкерде қолөнер бұйымдарын жасаймын. Бостандықта отбасым күтіп отырған соң, үмітім де, арманым да бар, — дейді ол.

Мекеме мамандарының айтуынша, сотталғандардың некеге тұруына барлық заңды жағдай жасалған. Алдымен олар мекеме заңгерлерінен кеңес алып, тиісті өтініштерін рәсімдейді. Кейін АХАТ бөлімінің қызметкерлері сол өтініштер негізінде неке қию рәсімін өткізіп, куәліктерді табыстайды.

— Түзеу мекемелерінде неке қию жазасын өтеушілерге оң әсерін тигізеді. Отбасылы болған азаматтар тәртібін түзеп, мерзімінен бұрын босап шығуға ұмтылады. Өмірге деген көзқарасы өзгеріп, қоғамдағы орнын табуға талпынады. Сонымен қатар, бостандыққа шыққан соң отбасы алдындағы жауапкершілікті терең сезінеді. Өтініш білдірушілердің арасында ұзақ жылдар бірге өмір сүріп, ресми некеге тұрмағандар да кездеседі, — дейді №60 мекеменің заңгері Ардақ Ізмағанбетова.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру