Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Оралда алаяқтардың әрекеті дер кезінде әшкереленді

Оралда алаяқтардың әрекеті дер кезінде әшкереленді, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Орал қаласының тұрғыны телефон арқылы жасалатын алаяқтықтың құрбаны бола жаздады. Белгісіз адамдар өздерін құқық қорғау органдарының қызметкерлері ретінде таныстырып, азаматшаға психологиялық қысым көрсетіп, оны жаңылыстырған.

Алаяқтар оған қатысты қылмыстық іс қозғалды деген жалған ақпарат беріп, болған жағдайды ешкімге, оның ішінде жақын туыстарына да айтпауын талап еткен. "Тергеу әрекеттері" деген желеумен жәбірленушіні әртүрлі банк мекемелеріне жіберіп, несие рәсімдеуге мәжбүрлеген. Осы уақыт бойы олар әйелді үнемі телефон арқылы байланыста ұстап, әр қадамын бақылап отырған.

Анықталғандай, тұрғын 2 миллион теңге көлемінде несие рәсімдеген. Сонымен қатар алаяқтар жәбірленушіге банктер арасында таксимен жүруді, портативті қуаттағыш (power bank) сатып алуды және қолма-қол ақша шешіп алуды ұсынған.

Тұрғынның күмәнді әрекеттерін сауда орталықтарының біріндегі күзет қызметкерлері байқаған. Олар оның телефонмен сөйлесіп тұрып ақша шешіп жатқанын көріп, жағдайдың күмәнді екенін сезіп, дереу полиция шақырған.

Күзет қызметкерлерінің қырағылығы мен полицияның жедел әрекеттерінің арқасында алаяқтық әрекет уақытында тоқтатылып, ақша алаяқтарға кетпеді. Аталған азаматқа қажетті көмек көрсетілді.

Полиция азаматтарды сақ болуға шақырады. Телефон арқылы өзін полиция қызметкері, тергеуші немесе банк қызметкері ретінде таныстырған адамдарға сенбеуді, телефон арқылы берілген нұсқауларды орындамауды,  жеке деректерді және банк шоттары туралы мәліметтерді хабарламауды еске салады. Күмән тудырған жағдайда дереу полицияға жүгіну қажет.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру