Жамбыл облысында интернет-алаяқтықтың алдын алу шаралары күшейтілді
Жамбыл облысында интернет-алаяқтықтың алдын алу шаралары күшейтілді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Қазіргі таңда интернет-алаяқтық қылмыстың ең кең таралған түрлерінің бірі болып қала беруде.
Алаяқтар құқық қорғау органдарының, банктер мен ұялы байланыс операторларының қызметкерлері ретінде танысып, жалған онлайн-несиелер рәсімдейді, жалған инвестициялық жобаларды ұсынады, тауарлар мен жолдамалар үшін алдын ала төлем талап етеді, сондай-ақ азаматтардың мессенджерлер мен әлеуметтік желілердегі аккаунттарын бұзады.
Талдау көрсеткендей, бірқатар жағдайларда жәбірленушілер құпия деректерін өздері беріп, ақпаратты тексермей-ақ ақша аударған және тез әрі жеңіл табыс туралы уәделерге сенген.
Қылмыскерлер кейбір азаматтардың жылдам пайда табуға ұмтылысын белсенді пайдаланып, олардың алаяқтық схемаларға осал болуына ықпал етуде.
Осы қылмыстардың алдын алу мақсатында Жамбыл облысы полиция департаменті барлық бағыттар бойынша профилактикалық жұмыстарды күшейтті.
Жыл басынан бері халықпен 1 917 профилактикалық кездесу өткізілді. Іс-шаралар барысында азаматтарға интернет-алаяқтықтың негізгі түрлері мен жеке қаржылық қауіпсіздік шаралары түсіндірілуде.
Цифрлық ортадағы ақпараттық жұмыстарға ерекше көңіл бөлінуде. Полиция қызметкерлері мессенджерлер арқылы профилактикалық материалдарды нысаналы түрде таратып келеді.
Жыл басынан бері 85 кәсіби алаяқ ұсталды, олардың 61-і басқа өңірлердің тұрғындары.
Сонымен қатар 415 дроппер анықталды. "Киберқадағалау" жүйесіне бұғаттау үшін 3 981 интернет-ресурс енгізілді.
Полиция азаматтарды интернет-ресурстар мен цифрлық сервистерді пайдалану кезінде сақ болуға, жеке және банктік деректерді үшінші тұлғаларға бермеуге, тез табыс табу туралы ұсыныстарға сын көзбен қарауға, сондай-ақ интернет-алаяқтық фактілері мен әрекеттері туралы ішкі істер органдарына дереу хабарлауға шақырады.
