ШҚО-да есірткі граффитиімен күрес жалғасуда
Шығыс Қазақстан облысында "Заң мен Тәртіп" қағидаты аясында ШҚО ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері "Esbol qory" қорының еріктілерімен және қоғам белсенділерімен бірлесіп, есірткі граффитилерін бояу бойынша акция өткізді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Іс-шара алдында басқарма базасында акцияға қатысушылардың басқарма бастығы Абай Бақтияровпен кездесуі өтті. Кездесу барысында ол еріктілерге белсенді азаматтық ұстанымдары мен есірткі құқық бұзушылығының алдын алуға қосқан үлестері үшін алғыс айтты.
Еріктілерге есірткі қылмысының алдын алу мәселелері бойынша нұсқаулық беріліп, есірткі құралдарын, психотроптық заттар мен олардың аналогтарын насихаттау және заңсыз жарнамалау үшін қылмыстық жауапкершілік туралы түсіндірілді.
Шығыс Қазақстан облысының блогерлері Арслан Дәуітбек пен Заңғар Әмерханов акцияға белсенді қатысып, ақпараттық қолдау көрсетіп, халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Акция қорытындысы бойынша қалалық инфрақұрылым нысандарында орналасқан есірткі дүкендерінің мекенжайлары мен QR-кодтары жазылған 40-қа жуық граффити мен 30 жапсырма жойылды. Есірткі құралдарын насихаттау және заңсыз жарнамалау фактісі бойынша бір қылмыстық іс қозғалды.
