Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Маңғыстау облысында полицейлер балаларға арналған танымдық шара өткізді

Маңғыстау облысында полицейлер балаларға арналған танымдық шара өткізді, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Маңғыстау облысы полиция департаментінің қызметкерлері жол қозғалысы және тұрмыстық қауіпсіздікті арттыру мақсатында танымдық-профилактикалық іс-шара өткізді. Іс-шараға 50-ге жуық бала қатысты. 2 жастан 10 жасқа дейінгі балаларға арналған шараны барлық бала үлкен қызығушылықпен тамашалады.

Шара Қуыршақ театрында ұйымдастырылып, бүлдіршіндерге жол жүру ережелері мен қауіпсіздік талаптары ойын және қойылым форматында түсіндірілді. Аниматор кейпіне енген кейіпкерлер балаларды бағдаршамның түстерімен, жолдан қауіпсіз өту тәртібімен, жаяу жүргіншілер өткелінен қалай дұрыс өту керектігімен таныстырды. Интерактивті ойындар арқылы балалар жол қозғалысы ережелерін оңай қабылдап, өз білімдерін бекітті.

Іс-шара барысында балалардың қатысуымен ойындар ойнатылып, олар белсенді түрде сұрақтарға жауап беріп, жол қауіпсіздігіне қатысты пайдалы ақпарат алды.

Сонымен қатар Қуыршақ театры сахнасында өрт сөндірушілердің қызметі туралы арнайы қойылым қойылды. Қойылым барысында тұрмыстық қауіпсіздік мәселелері қозғалып, оттықпен және сіріңкемен ойнаудың қауіпті екені, өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтау қажеттігі көріністер арқылы түсіндірілді.

Аталған іс-шараның негізгі мақсаты — балалардың жол қозғалысы ережелері мен қауіпсіздік мәдениетін ерте жастан қалыптастыру, сондай-ақ төтенше жағдайлардың алдын алу. Осындай профилактикалық және тәрбиелік бағыттағы шаралар алдағы уақытта да тұрақты түрде ұйымдастырылатын болады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру