Кәмелетке толмағандар істері жөніндегі инспектордың бір күні
Семей қаласы полиция басқармасының Әуезов полиция бөлімі қоғамдық қауіпсіздік бөлімінің ювеналдық полиция тобының учаскелік полиция инспекторы Арайлым Бейсембаеваның қызметтегі бір күні туралы Polisia.kz сайтында таныс болыңыздар.
Оның қызмет өтілі — 10 жыл. Ал сырт көзге жай ғана сан болып көрінетін осы уақыттың артында жүздеген қызметтік шығу, ондаған күрделі шешім және дер кезінде қорғалған талай бала тағдыры жатыр.

Алайда қызметтік мінездемелерде көрсетілмейтін тағы бір маңызды жайт бар: ол — екі кішкентай баланың анасы. Сондықтан да ол баланың қалыпты жағдайы қандай болу керектігін, үйдегі жылу мен дастархандағы ас, жанында бейжай қарамайтын ересектердің болуының маңызын бәрінен артық түсінеді.
Дәл осы түсінік оның жұмысында жиі шешуші рөл атқарады.
Кезекті профилактикалық тексеріс барысында инспектор қолайсыз отбасы туралы хабарлама бойынша мекенжайға барды. Көрініс, өкінішке қарай, таныс еді: ата-аналар екі тәуліктен астам уақыт үйде болмаған, алкогольді ішімдікке салынған. Үй суық, пеш жағылмаған, азық-түлік жоқ. Балалар ересектердің қарауынсыз, өз бетімен қалған.
Мұндай сәттерде шешімдер тез әрі кідіріссіз қабылданады. Кәмелетке толмағандардың өмірі мен денсаулығына қауіп төнгенін ескере отырып, полиция қызметкері балалардың қауіпсіздігін дереу қамтамасыз етіп, оларды алып, заңда белгіленген тәртіппен әрі қарай орналастыру және қажетті көмек көрсету үшін тиісті органдарға тапсырды. Сонымен қатар ата-аналарға қатысты заң шеңберінде ықпал ету шаралары қабылданды.

Кәмелетке толмағандар істері жөніндегі инспектордың жұмысы — бұл тек заң нормалары мен профилактикалық іс-шаралар ғана емес. Бұл — күн сайын баланың мүддесін таңдау, жауапты ата-ана болу — құқық емес, міндет екенін түсіну және әрбір баланың қорқынышсыз, жылуы мол балалық шағы болуы тиіс екенін ұғыну.
Ювеналдық полицияда "бөгде" бала болмайды.
Ал әрбір осындай күн — заң әділдік пен қорғанға айналатын сәт.
