Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Алматыда полиция мен колледж басшылығы жасөспірімдер қауіпсіздігін талқылады

Алматыда полиция мен колледж директорлары жасөспірімдер қауіпсіздігін талқылады, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Алматы қаласы полиция департаменті мемлекеттік колледждердің директорларымен дөңгелек үстел форматында жұмыс кездесуін өткізді. Іс-шараға қала аумағындағы 22 мемлекеттік колледждің басшылары қатысып, ашық әрі мазмұнды пікір алмасу алаңында бірқатар өзекті мәселелерді талқылады.

Кездесу барысында жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу, тәрбиелік үдерістегі білім беру ұйымдарының жауапкершілігі, сондай-ақ кәмелетке толмағандар арасында құқыққа қайшы әрекеттерді ерте кезеңде анықтау мен болдырмау тетіктері күн тәртібіне шығарылды.

Тараптар ведомствоаралық өзара іс-қимылды нығайтуға, ересектердің жасөспірімдердің қауіпсіздігі мен мінез-құлқына қатысты жауапкершілігін арттыруға және оқу орындарында жүйелі профилактикалық жұмысты күшейтудің маңыздылығына ерекше назар аударды.

Алматы қаласы ПД киберқылмысқа қоғамдық қауіпсіздік басқармасының бастығы Асхат Кулбаев өз сөзінде: "Жасөспірімдер қылмысы — көп жағдайда ересектер тарапынан кеткен олқылықтардың салдары. Біздің негізгі міндетіміз — құқық бұзушылық орын алғаннан кейін ғана әрекет ету емес, педагогикалық қауымдастықпен бірлесе отырып, алдын алу шараларын ерте бастау. Колледж — тұлға қалыптасатын маңызды орта. Дәл осы кезеңде жасөспірімнің мәселесін тыңдап, қауіп-қатерді дер кезінде байқап, оған дұрыс бағыт-бағдар беру аса маңызды", — деп атап өтті.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар мұндай жұмыс форматындағы кездесулерді жүйелі түрде жалғастыруға, өзара ақпарат алмасуды күшейтуге және жастар арасында заңға бағынатын мінез-құлықты қалыптастыруға бағытталған бірлескен профилактикалық бастамаларды жүзеге асыруға уағдаласты.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру