Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Павлодарда студенттердің құқықтық сауатын арттыруға бағытталған іс-шара өтті

Павлодарда студенттердің құқықтық сауатын арттыруға бағытталған іс-шара өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Павлодар қаласында есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл бөлімшесінің қызметкерлері ИнЕУ колледжінің студенттерімен таңдау және жауапкершілік тақырыбында диалог өткізді. Кездесу барысында заң, жеке таңдау және оның салдары жан-жақты талқыланды.

Іс-шара ашық диалог форматында өтіп, студенттер белсенділік танытты. Талқылауға колледж белсенділері, колледж президенті Рамазанова Анеля, сондай-ақ студенттер Темірболат Ансар, Уйсумбаева Айнель, Булатаев Асхат, Нұралы Асхат және Нетета Маргарита қатысты.

Студенттер есірткі құралдарының зияны, олардың жастар арасында таралу себептері мен танымал болуы туралы өз пікірлерін ашық білдірді. Заңсыз есірткі айналымына қарсы күресте қандай шаралар тиімді деп санайтындарын, жастардың алдын алу жұмысындағы рөлі қандай болуы тиіс екені, сондай-ақ салауатты әлеуметтік ортаны қалыптастыру мәселелері ерекше назарға алынды.

– Диалог барысында студенттердің қиын өмірлік жағдайға тап болған құрдастарына қалай көмектесе алатыны, полиция қызметкерлеріне есірткі қылмыстарының алдын алу мен жолын кесуде қалай жәрдемдесе алатыны талқыланды. Сонымен қатар, айналасында тыйым салынған заттарды қолдану белгілері байқалған жағдайда немесе "жеңіл табыс" деген желеумен, соның ішінде курьер ретінде, заңсыз есірткі айналымына тартылған кезде қандай әрекет ету қажет екені, қайда жүгіну керектігі және мәселені жалғыз шешуге тырыспау не үшін маңызды екені жөнінде нақты іс-қимыл алгоритмдері түсіндірілді, – деп атап өтті Павлодар қаласы ПБ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл жөніндегі аға инспекторы Эльмира Сейтахметова.

Кездесудің жеке бөлігі полиция қызметкерлері әзірлеген "Жақыныңа көмектес" кейсіне арналды. Бұл бастама аясында тұйық өмір салтын ұстанатын, қарым-қатынаста қиындық көретін, күйзеліске немесе қаржылық мәселелерге тап болған студенттерге қолдау көрсетуге бағытталған нақты ережелер қалыптастырылды. Белсенді жастардың мұндай студенттерді ортаға бейімдеудегі, нашақорлықтың алдын алудағы және оларды құқыққа қайшы әрекеттерге тартуға жол бермеудегі рөлі ерекше атап өтілді.

Өткізілген іс-шара студенттердің әлеуметтік маңызы бар мәселелерді талқылауға жоғары деңгейде қатысуын көрсетіп, саналы таңдау мен жауапты мінез-құлықты қалыптастыруда жастар мен құқық қорғау органдары арасындағы сындарлы диалогтың маңыздылығын тағы бір мәрте дәлелдеді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру