Абай облысында полицейлер жолда қалған жүргізуші мен жолаушыларға көмектесті
Абай облысында полицейлер жолда қалған жүргізуші мен жолаушыларға көмек көрсетті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Аягөз аудандық полиция бөлімінің қызметкерлеріне Алматы - Өскемен республикалық автожолында, Аягөз қаласына шамамен 45 шақырым қалғанда, техникалық ақау салдарынан көлік қозғалтқышы істен шығып, жолда қалған автокөлік туралы хабарлама келіп түсті. Оқиға орнына жедел түрде Аягөз қаласының 304 борт нөмірлі патрульдік полиция экипажы жіберілді.
Көлік иесі үшін аталған жағдай қауіпсіздік тұрғысынан аса күрделі болды. Тасжол бойында жарықтың болмауы мен ауа райының қолайсыздығы қозғалысты қиындатып, қосымша қатер төндірді. Алайда патрульдік полиция қызметкерлері қысқа мерзімде оқиға орнына жетіп, қалыптасқан жағдайды мұқият бағалады.
Аягөз қаласы патрульдік полиция взводының командирі Асет Жанахметовтың айтуынша, мұндай сәттерде полицейлердің басты міндеті - азаматтардың өмірі мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Қызметкерлер тоқтап қалған көлікке жеткен соң, жүргізуші мен жолаушылардың денсаулығына қауіп жоғын анықтады. Дегенмен көлік құралындағы ақау мен ауа райының ерекшеліктері олардың жолды жалғастыруына мүмкіндік бермейтінін көрсетті.
Осыған байланысты полиция қызметкерлері жүргізуші мен жолаушыларды жақын маңдағы қонақ үйге жеткізіп, орналастыру шараларын ұйымдастырды. Оларға қажетті жағдай жасалып, әрі қарайғы әрекеттер реттелді. Бұл іс-қимыл полицейлердің кәсіби даярлығын және қиын жағдайда қалған азаматтарға көмектесуге әрдайым дайын екенін айқын көрсетті.
Жолда қалған көлік жүргізушісі өз алғысын білдіріп: "Қиын жағдайда қалған сәтте алғаш болып көмекке келгендер - Аягөз қаласының патрульдік полициясының 304 борт нөмірлі қызметкерлері болды. Олар жедел жетіп, қауіпсіз жерге көшуге көмектесті. Қызметкерлер мені және жолаушыларымды жақын маңдағы қонақ үйге жеткізіп, орналастырды. Жағдайымызды толық бақылап, қажет болған жағдайда одан әрі де көмектесуге дайын екендерін айтты" - деді.
Асет Жанахметовтың айтуынша, мұндай көмекті көрсету полиция қызметінің негізгі бағыттарының бірі болып табылады. Қоғамдық қауіпсіздік пен тұрғындардың жағдайын басты назарда ұстай отырып, Аягөз қаласының патрульдік полициясы күнделікті қызмет барысында осындай шұғыл шараларды жүйелі түрде жүзеге асырады. Халықпен тығыз байланыста жұмыс істеу құқық қорғау органдарына деген сенімді арттырып, азаматтарға дер кезінде көмек көрсетуге мүмкіндік береді.
Айта кетейік, Абай облысында полицейлер қолайсыз ауа райында 150 жеңіл автокөліктен құралған колоннаны қауіпсіз түрде сүйемелдеуді қамтамасыз етті.
