Ұлытау облысында жаңа профилактикалық бастама іске қосылды
Ұлытау облысында жаңа профилактикалық бастама іске қосылды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және құқық бұзушылықтардың алдын алу – ішкі істер органдары қызметінің басым бағыттарының бірі. Осы мақсатта Ұлытау облысы полиция департаментінің қалалық және аудандық бөліністерінде заманауи форматтағы "Профилактикалық кабинеттер" өз жұмысын бастады.
Аталған бастама Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің тікелей тапсырмасына сәйкес, "Құқық бұзушылықтар профилактикасы туралы" заңды іске асыру және "Заң мен Тәртіп" тұжырымдамасы аясында қолға алынды. Жобаның негізгі мақсаты – құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған атаулы профилактикалық жұмысты күшейту және полиция қызметінің сервистік моделін дамыту.
Тәжірибе көрсеткендей, қылмыспен күресуден гөрі оның алдын алу әлдеқайда тиімді. Осыған байланысты жаңадан ашылған профилактикалық кабинеттер полиция органдарымен қатар денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қорғау мекемелері мен азаматтық қоғам институттарының өзара іс-қимылын үйлестіретін алаңға айналмақ.
Профилактикалық кабинеттерде криминогендік жағдайға тікелей әсер ететін әлеуметтік тәуекелдермен кешенді жұмыс жүргізіледі. Мамандар төмендегі бағыттар бойынша кеңес беріп, түсіндіру шараларын ұйымдастырады:
– тұрмыстық зорлық-зомбылық пен буллингтің алдын алу;
– алкоголизм мен нашақорлыққа қарсы іс-қимыл;
– девианттық мінез-құлықты түзету және әлеуметтік бейімдеу.
Көпсалалы мамандардың кешенді көмегі
Жобаның басты ерекшелігі – әртүрлі сала өкілдерінің бірлесе жұмыс істеуі. Атап айтқанда:
– полиция қызметкерлері құқықтық кеңес беріп, ведомствоаралық өзара іс-қимылды үйлестіреді;
– психологтар дағдарыстық жағдайға тап болған азаматтармен және тәуекел тобындағы жасөспірімдермен жұмыс жүргізеді;
– нарколог-дәрігерлер мен медицина мамандары тәуелділіктің алдын алу бойынша алғашқы консультациялар ұсынады;
– әлеуметтік қызметкерлер қолайсыз отбасыларға жан-жақты қолдау көрсетіп, оларды жүйелі түрде сүйемелдейді.
Бұл бастама қоғамда "құқық бұзушылықтарға мүлдем төзбеушілік" қағидатын қалыптастыруға және азаматтардың қауіпсіздігін нығайтуға бағытталған маңызды қадам болып табылады.
