ШҚО-да кезекті "Жас сақшы" полиция сыныбы ашылды
Катонқарағай ауданында батыр полицей есімімен жаңа полиция сыныбы ашылды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Шығыс Қазақстан облысында жас құқық қорғаушылар қатары тағы бір игі бастамамен толықты. Катонқарағай ауданындағы Е. Рыков атындағы орта мектеп базасында "Жас сақшы" полиция сыныбының салтанатты ашылу рәсімі өтті. Бұл - аудандағы бесінші полиция сыныбы. Енді мамандандырылған бағдарлама бойынша білім алатын жас сақшылардың жалпы саны 67 оқушыға жетті.

Жаңа сынып 17 бесінші сынып оқушысынан құралған. Сыныпқа 1994 жылы қызметтік міндетін атқару кезінде ерлікпен қаза тапқан Катонқарағай аудандық ішкі істер бөлімінің қызметкері Мейірхан Баженовтың есімі берілді. Бұл - жас буынды батырдың ерлігімен тәрбиелеуге бағытталған тағылымды шешім.

Салтанатты шара ұрпақтар сабақтастығы рухында ұйымдастырылды. Батырды еске алып, жас сақшыларға ақ батасын беру үшін Шығыс Қазақстан облысы полиция департаментінің басшылығы, аудан әкімдігінің өкілдері, ішкі істер органдарының ардагерлері мен Ауған соғысының қатысушылары, сондай-ақ Мейірхан Баженовтың туған-туыстары қатысты.
Жиын Қазақстан Республикасының Мемлекеттік әнұранын орындаумен ашылды. Одан кейін жас сақшылар алғашқы саптық дайындықтарын көрсетіп, патриоттық рухтағы музыкалық нөмірлерін ұсынды. Іс-шараның ең әсерлі сәті — ант қабылдау рәсімі болды. Арнайы полиция үлгісіндегі киім киген оқушылар өздерінің алғашқы куәліктеріне ие болды.
"Жас сақшы" сыныбындағы білім беру тек жалпы мектеп бағдарламасымен шектелмейді. Оқушылар үшін арнайы жабдықталған кабинет дайындалып, оқу жоспарына құқық қорғау қызметінің негіздері мен алғашқы медициналық көмек көрсету бойынша факультативтік сабақтар енгізілген. Сонымен қатар оқу процесіне тәжірибелі полиция қызметкерлері мен бейінді мамандарды тарту көзделіп отыр.
Бұл бастама өскелең ұрпаққа патриоттық тәрбие беріп қана қоймай, олардың ел игілігі жолындағы болашақ мамандығын саналы түрде таңдауына бағытталған ерте кәсіби бағдар беруді де мақсат етеді.
