Әрбір тәртіп сақшысының басты ұстанымы – "Адамдардың қалыпты әрі қауіпсіз өмір сүруі үшін мен не істей аламын?" деген сауалға нақты ісімен жауап беру. Осы қағиданы өмірлік және кәсіби бағытына айналдырып, өзіне жүктелген міндетті абыроймен атқарып жүрген жас мамандардың бірі – Атырау қаласының учаскелік полиция инспекторы Темірлан Ажханов. Ол туралы толығырақ Polisia.kz сайтынан толығырақ таныс болыңыздар.
Құқық қорғау саласында еңбек етіп жүрген жас офицердің негізгі мақсаты – азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын қорғау, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету және өзіне сеніп тапсырылған әкімшілік аумақтағы тұрақтылықты сақтау.
Темірлан қызмет ететін аумақта 17 мыңнан астам тұрғын бар. Бұл – үлкен жауапкершілік пен жоғары сенімді талап ететін маңызды көрсеткіш. Учаскелік полиция инспекторының еңбегі көбіне көзге көріне бермегенімен, қоғам қауіпсіздігінің берік негізі дәл осы күнделікті жүйелі жұмыстың нәтижесінде қалыптасады.
Көшедегі тәртіп тек патрульдік қызметпен ғана шектелмейді, сонымен қатар құжат айналымының мұқият жүргізілуі, азаматтардың өтініштері мен арыз-шағымдарының уақытылы қаралуы, құқық бұзушылықтардың алдын алу бағытындағы кешенді шаралар арқылы қамтамасыз етіледі.
Полиция пунктіндегі күнделікті қызмет – тәртіп пен жауапкершіліктің көрінісі. Мұнда азаматтарды қабылдау, есеп жүргізу, құқық бұзушылықтардың алдын алу бойынша талдау жасау, профилактикалық жұмыстарды жоспарлау және жүзеге асыру сынды маңызды міндеттер жүйелі түрде орындалады. Әрбір қабылданған шешім – тұрғындардың қауіпсіздігі мен қоғамдық тұрақтылыққа бағытталған нақты қадам.
Темірлан Ажхановтың жұмыс күні таңғы сағат 8:30-да басталады. Уақытты тиімді жоспарлау – оның кәсіби дағдысының ажырамас бөлігі. Таңғы уақытты жүгіруге арнап, салауатты өмір салтын ұстануды да назардан тыс қалдырмайды. Спорт – оның тек хоббиі ғана емес, қызметке деген сергектігін арттырып, ішкі тәртіп пен төзімділікті нығайтатын өмірлік қағидасы.

Жас маман бола тұра, ол сабырлылық пен жауапкершілікті қызметінің басты тірегіне айналдырған. Қоғаммен ашық диалог орнату, әрбір өтінішке бейжай қарамау, заң талаптарын бұлжытпай орындау – оның кәсіби болмысының айқын көрінісі. Полиция пунктіндегі тиянақты әрі мұқият еңбек – аумақтағы тыныштық пен тұрақтылықтың сенімді кепілі.
Қоғам тыныштығы – көзге көрінбейтін, бірақ үздіксіз еңбектің жемісі. Осындай маңызды міндетті терең сезініп, адал қызмет етіп жүрген полиция аға лейтенанты Темірлан Ажханов – тәртіп пен әділдік жолында аянбай еңбек етіп жүрген жас буын өкілдерінің жарқын үлгісі.
