Құқық бұзушылықтардың алдын алудағы жаңа тәсіл: Павлодарда "Айқын нәтиже" жобасы талқыланды
Павлодар облысы полиция департаменті базасында облыс прокуроры бекіткен "Айқын нәтиже" пилоттық жобасын іске асыру аясында дөңгелек үстел отырысы өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Кездесудің негізгі мақсаты - құқық бұзушылықтардың алдын алу бағытындағы өзекті мәселелерді талқылап, оларды шешудің тиімді жолдарын айқындау.

Іс-шараға прокуратура органдарының өкілдері, денсаулық сақтау және білім беру басқармаларының басшылары, Павлодар облыстық психикалық денсаулық орталығы мен Павлодар қаласының уақытша бейімдеу және детоксикация орталығы мамандары, сондай-ақ полиция департаментінің аппараты мен аумақтық бөлімшелерінің қызметкерлері бейне-селекторлық байланыс арқылы қатысты.
Кездесу барысында психикалық бұзылыстары бар, алкоголизм мен нашақорлыққа шалдыққан азаматтармен жүргізілетін профилактикалық жұмыстың тиімділігін арттыру мәселелері қаралды. Сонымен қатар құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында мүдделі органдардың өзара іс-қимыл алгоритмі әзірленді.

Павлодар облысы полиция департаменті бастығының орынбасары Малик Оңғарбаев барлық жоспарланған іс-шаралардың сапалы әрі уақытылы орындалуының маңыздылығына тоқталды. Оның айтуынша, негізгі назар кәмелетке толмағандармен, қолайсыз отбасылармен және профилактикалық есепте тұрған тұлғалармен жүйелі жұмыс жүргізуге бағытталуы тиіс. Сонымен қатар жолдар мен қоғамдық орындардағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету де басым бағыттардың бірі болып қала береді.
Айта кету керек, "Айқын нәтиже" пилоттық жобасы қылмыс деңгейін кешенді түрде төмендетуге, профилактикалық жұмысты жетілдіруге және өңірдегі қоғамдық қауіпсіздікті арттыруға бағытталған. Жоба аясында мемлекеттік органдардың өзара іс-қимылын күшейтіп, құқық бұзушылықтардың алдын алудың жаңа тәсілдерін енгізу көзделген.
