Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Екібастұзда мектеп оқушыларына арналған кәсби бағдар беру іс-шарасы өтті

Екібастұзда мектеп түлектеріне арналған кәсби бағдар беру іс-шарасы өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Екібастұз қаласындағы "Өнер" қалалық мәдениет сарайында қала мектептерінің 11-сынып оқушыларына арналған үгіт-насихаттық кездесу ұйымдастырылды. Іс-шараның мақсаты – оқушыларға ведомстволық оқу орындарына түсу мүмкіндіктері мен ішкі істер органдарындағы қызмет туралы жан-жақты ақпарат беру.

Полиция қызметкерлері оқушылар үшін арнайы танымдық көрме әзірледі. Онда қызметтік жабдықтар, арнайы құралдар, погондар, формалық киімдер, қызметтік құжаттар және полиция қызметіне қатысты басқа да атрибуттар таныстырылды. Оқушылар тәртіп сақшыларының жұмыс құралдарымен жақынырақ танысып, өздерін қызықтырған сұрақтарға жауап алды.

Кездесу барысында ҚР ІІМ Қарағанды академиясының курсанттары сөз сөйледі. Қазіргі таңда олар Екібастұз полициясында тәжірибеден өтуде. Курсанттар оқу үдерісі, күн тәртібі, тәртіп талаптары мен ведомстволық академияда білім алудың артықшылықтары туралы айтып берді.

– Біз қызметтің артықшылықтары – тұрақтылық, әлеуметтік кепілдіктер, қоғамдағы құрмет, кәсіби даму мүмкіндігі және Отанға қызмет ету екенін түсіндірдік. Академия туралы бейнеролик көрсетіліп, оқу жағдайы, материалдық-техникалық база және курсанттардың мазмұнды өмірі таныстырылды. Әсіресе бағдарламаның практикалық бөлімдері оқушылардың ерекше қызығушылығын тудырды. Олар мамандардың жетекшілігімен оқу автоматын жинап, бөлшектеуді сынап көрді. Сонымен қатар, оқушылар арасында армрестлингтен жарыс ұйымдастырылып, олар бір-бірімен ғана емес, арнайы мақсаттағы бөлімше – ЖҚАЖ қызметкерлерімен де бақ сынасты. Бұл шараның тартымдылығын арттырып, ерекше серпін берді, – деді Екібастұз қаласы полиция басқармасының жеке құраммен жұмыс бөлімінің бастығы Нұрлан Джаниев.

Кездесу соңында патриоттық ән шырқалып, іс-шараның жарқын қорытындысына айналды. Ұйымдастырушылар мұндай кездесулер түлектерге болашақ мамандығын саналы түрде таңдауға көмектеседі деген сенім білдірді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру