Ақтөбе облыстық ПД-да қыс мезгілінде жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері талқыланды
Ақтөбе облысы полиция департаментінде қыс мезгілінде жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелеріне арналған жұмыс кездесуі өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Іс-шараға прокуратура органдарының өкілдері, сондай-ақ өңірдегі автомобиль жолдарын күтіп-ұстау және пайдалану жұмыстарына жауапты мердігер ұйымдардың мамандары қатысты.
Кездесу барысында жолдарды қар мен мұздан уақтылы тазарту, жол жамылғысын мұзға қарсы материалдармен өңдеу сапасын арттыру және ауа райының күрт нашарлауына жедел әрекет ету мәселелері жан-жақты қарастырылды. Полицейлер қысқы күтіп-ұстау жұмыстары барысында анықталған бірқатар автожол учаскелеріндегі кемшіліктерге назар аударып, оларды жою бойынша нақты ұсыныстарын жеткізді.
Сонымен қатар республикалық және облыстық маңызы бар автожолдарда жүргізушілерді ауа райы жағдайы, қозғалысқа енгізілген шектеулер мен төтенше жағдайлар туралы жедел хабардар ету мақсатында қосымша ақпараттық таблолар мен LED-экрандар орнату қажеттігі атап өтілді. Бұл шаралар жүргізушілердің уақытылы ақпарат алуына мүмкіндік беріп, жол-көлік оқиғаларының алдын алуға ықпал етеді.
Кездесу қорытындысы бойынша жол-көлік оқиғаларының алдын алу, ведомстволар арасындағы өзара іс-қимылды күшейту және қысқы кезеңде жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыруға бағытталған бірлескен шаралар айқындалды. Аталған жұмыстар өңірдегі жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және азаматтардың қауіпсіз қозғалысына қолайлы жағдай жасауға бағытталған.
