Абай облысында полицейлер ІІО ардагерімен кездесті
Абай облысында полицейлер ІІО ардагерімен кездесті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Ел тыныштығын күзеткен полицейлердің қатарында өз табандылығы мен кәсібилігі арқылы тарихта із қалдырған тұлғалар бар. Солардың бірі – ішкі істер органдарының ардагері, полиция майоры Гульжар Оспанова.
Мақаншы полиция бөлімінде өткен тағылымды кездесу тек бір ардагермен сұхбат қана емес, тұтас бір дәуірдің шежіресіне үңілу болды. Гульжар Қабдыевна – өз мамандығында алғашқы әйелдердің бірі ретінде қызметке қадам басып, сол кезеңдегі қалыптасқан стереотиптерге батыл өзгеріс енгізген тұлға. 1996-2011 жылдар аралығында ол нәзік жан бола тұра ер-азаматтармен иық тірестіріп, кәсіби біліктіліктің жынысқа тәуелді еместігін дәлелдеді.
Қызмет жолының алғашқы күндерінен-ақ күрделі міндеттер мен сынақтар оның қайсар мінезін шыңдады. Әрбір тапсырма – тәжірибе мектебі, ал полиция формасы – Отанға адалдық пен халық сеніміне берік қызметтің белгісі болды.
Сұхбат барысында ардагер полиция қызметінің негізгі қағидаттарына ерекше тоқталды: темірдей тәртіп, адалдық, жауапкершілік, адамгершілік және әділдік. Оның айтуынша, құқық қорғау саласындағы ең басты құндылық – халық сенімі, ал сол сенімді ақтау – әр қызметкердің қасиетті борышы.
Нәзіктік пен қайсарлықты, мейірім мен талапшылдықты үйлестірген Гульжар Қабдыевна – қызметке адалдықтың символы. Оның өмір жолы – ерік-жігердің үлгісі, кәсіби шеберліктің мектебі, ал қажырлы еңбегі – зор құрметке лайық.
Ардагер өз сөзін жас буынға осылай түйіндеді:
- Қызмет жолымда көрген тәжірибемді, алған сабақтарымды жас буынмен бөлісуді өз борышым деп білемін. Полиция қызметі – тек заңды сақтау немесе тәртіп орнату ғана емес, ол – адамдарға деген құрмет, жауапкершілік және адалдықтың белгісі. Жастарға айтарым – мамандыққа адал болу, өз ісіңді сүйіп орындау, әр істі жауапкершілікпен атқару – ең басты қағида. Форма – тек киім емес, ол – халық сенімінің, елге қызмет етуге берілген анттың айқын белгісі. Сол сенімді әрқашан ақтау – әрбір қызметкердің басты парызы, - деді ол.
Осындай тұлғалардың тәжірибесі құқық қорғау саласының рухани іргетасын нығайтып, келер ұрпаққа сенім мен серпін береді.
