Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

"Таза Қазақстан" акциясы: Абай облысында 1800 құқық бұзушылықтың жолы кесілді

Абай облысында қоғамдық тәртіп пен экологиялық тазалықты қамтамасыз ету мақсатында республикалық "Таза Қазақстан" акциясы жүйелі түрде жүзеге асырылуда, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Акция аясында елдімекендерді абаттандыру талаптарын сақтау, инфрақұрылым нысандарын қорғау, жасыл желектер мен саябақтарды бүлінуден сақтау бағытында нақты шаралар қолға алынған.

Жыл басынан бері облыс аумағында 1800 құқық бұзушылықтың жолы кесілді. Атап айтқанда:

- Елді мекендердің аумақтарын абаттандыру қағидаларын бұзу, инфрақұрылым нысандарын бүлдіру, жасыл екпелерді жою – 1676 дерек;

- Ортақ пайдаланылатын орындарды ластау – 124 дерек.

Құқық бұзушылықтардың бір бөлігі жедел басқару орталығының бейнебақылау камералары арқылы тіркеліп, құқық қорғау органдары тарапынан жедел шаралар қабылданды. Бұл – қоғамдық тәртіпті нығайтып, экологиялық мәдениетті арттыру жолындағы маңызды қадам.

Облыстың полиция департаменті тұрғындар арасында экологиялық жауапкершілікті күшейтуге бағытталған ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын тұрақты жүргізуде. Азаматтарға тазалықты сақтау, қоршаған ортаны қорғау және санитарлық талаптарды орындау қажеттігі жан-жақты түсіндірілуде.

"Таза Қазақстан" акциясы – тек құқық бұзушылықтарды анықтауға бағытталған науқан емес. Бұл – қоғамда экологиялық мәдениетті қалыптастыруға, табиғатты қорғауға және ортақ кеңістікті ұқыпты ұстауға үндейтін маңызды бастама.

Абай облысының полиция департаменті өңір тұрғындары мен қонақтарын қоғамдық тәртіп пен тазалық талаптарын қатаң сақтауға шақырады. Қоршаған ортаны ластау, ортақ мүлікті бүлдіру, жасыл желектерді жою және абаттандыру қағидаларын бұзу – заңмен белгіленген жауапкершілікке әкеп соғады.

Таза аула, таза көше, таза қала – әрқайсымыздың жауапкершілігімізден басталады.
Қоршаған ортаны қорғау – баршамыздың ортақ парызымыз.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру