Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Астаналық ПД қызметкерлері жеңіл атлетикадан ел чемпионатында топ жарды

Астаналық ПД қызметкерлері жеңіл атлетикадан ел чемпионатында топ жарды, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Қарағанды қаласында өткен Қазақстан Республикасының жеңіл атлетикадан чемпионаты мен біріншілігі жоғары деңгейде ұйымдастырылып, еліміздің түкпір-түкпірінен келген ардагерлер мен әуесқой спортшыларды бір арнаға тоғыстырды. Дүбірлі додаға 18 бен 65 жас аралығындағы 250-ден астам спортшы қатысты.

Жабық кешенде өткен тартысты жарыста Астана қаласы полиция департаменті жылдам қимылдайтын арнайы жасағының қызметкерлері жоғары дайындық пен қайсарлықтың үлгісін көрсетіп, елорда намысын абыроймен қорғады.

Полиция капитаны Ізбасар Мұсабеков чемпиондық рухын дәлелдеп, бірнеше қашықтықта қарсыластарынан оқ бойы озып шықты. Ол 35–39 жас санатында 200, 400, 800 метр қашықтықтарында және 4×200 метрлік эстафетада І орын иеленіп, төрт мәрте жеңіс тұғырына көтерілді. Бұл — жоғары төзімділік пен темірдей тәртіптің, сондай-ақ үздіксіз дайындық пен мақсатқа деген адалдықтың нәтижесі.

Сонымен қатар Айхат Ибрашов та жоғары нәтиже көрсетіп, 18–25 жас санатында 60 метр қашықтықта І орын, ал 400 метрге жүгіруден ІІ орын иегері атанды.

Тәртіп сақшыларының бұл жетістігі — қызмет пен спортты қатар алып жүрген мамандардың жан-жақты дамуының жарқын дәлелі. Қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз етуде қырағылық танытатын полицейлер спорт алаңында да табандылық, төзімділік және жеңіске деген жігерімен ерекшеленді.

Бұл жеңістер — тек жеке жетістік қана емес, бүкіл ұжымның ортақ мерейі. Спорт арқылы шыңдалған рух пен мықты денсаулық кәсіби қызметтің де берік негізі болып табылады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру