Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Алматыда полиция балалардың жол қауіпсіздігіне ерекше назар аударуда

Алматы қаласы полиция департаменті балалар арасындағы жол-көлік жарақаттануының алдын алу мақсатында профилактикалық жұмыстарды жүйелі түрде жүргізуде, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Осы бағытта Алматы қаласының Наурызбай ауданында полиция қызметкерлері балалардың жол қауіпсіздігіне арналған түсіндіру іс-шарасын ұйымдастырды.

Іс-шара барысында тәртіп сақшылары ата-аналар мен ересектерге жол қозғалысы қағидаларын сақтаудың маңыздылығын түсіндіріп, балаларға жолдағы қауіпсіз мінез-құлық мәдениетін қалыптастыруда олардың үлгі болуы қажет екенін атап өтті.

Айта кету керек, ішкі істер органдары жүйесінде биылғы жыл "Заң мен тәртіп – балалық шақ қауіпсіздігінің кепілі" ұранымен өтуде. Осыған орай кәмелетке толмағандардың жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету және ересектердің жауапкершілігін арттыру мәселесіне ерекше назар аударылуда.

— Балалар ересектердің іс-әрекетін қайталайды. Сондықтан олардың жолдағы қауіпсіздігі ең алдымен бізге байланысты. Ата-аналарды балаларға үлгі болуға, жол қозғалысы қағидаларын түсіндіріп қана қоймай, оны іс жүзінде көрсетуге шақырамыз. Ересектер мен полицияның бірлескен жұмысы ғана балалар арасындағы жол-көлік жарақаттануын азайтуға мүмкіндік береді, — деді Дидар Жакипбаев.

Полиция қызметкерлері алдағы уақытта да білім беру ұйымдарымен және ата-аналармен бірлескен профилактикалық жұмыстарды жалғастыратынын жеткізді. Сонымен қатар азаматтарды балаларға жолда мұқият болуды үйретіп, жол қозғалысы қағидаларын қатаң сақтауға және қауіпсіздік мәдениетін ерте жастан қалыптастыруға шақырды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру