Солтүстік Қазақстан облысы аумағында ауа температурасының төмендеуіне байланысты полиция қызметкерлері тұрғылықты мекенжайы жоқ азаматтарға көмек көрсету жұмыстарын күшейтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Салқындап кету салдарынан болатын қайғылы жағдайлардың алдын алу және криминогендік ахуалды тұрақтандыру мақсатында өңірде "Тұрғылықты мекенжайы жоқ тұлғалар" жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілуде.
Таңғы уақыттан бастап Петропавл қалалық полиция басқармасының қабылдап-тарату орнының қызметкерлері жылу желілерінің бойында, көпқабатты үйлердің жертөлелерінде және үйсіз адамдар жиі паналайтын өзге де орындарда рейдтік іс-шаралар жүргізуде. Рейд барысында анықталған азаматтар жеке басын анықтау, хабар-ошарсыз кеткендер және құқық бұзушылық жасады деген күдікке ілінген тұлғалардың дерекқорлары бойынша тексеру үшін қабылдап-тарату орнына жеткізіледі.

Қабылдап-тарату орнына жеткізілген әрбір азаматқа әлеуметтік көмек алу мүмкіндігі ұсынылады. Атап айтқанда, олар құжаттарын қалпына келтіру, жұмысқа орналасу және басқа да әлеуметтік мәселелерін шешу үшін бейімдеу орталықтарына жүгінуіне болады. Сонымен қатар қыс мезгілінде үйсіз азаматтардың аяздан қорғануы үшін арнайы түнгі паналау пункті тұрақты жұмыс істеуде.
Биылғы жылдың қаңтар айында қабылдап-тарату орнының қызметкерлері, патрульдік полиция батальоны, учаскелік инспекторлар және басқа да полиция бөлімшелері қаңғыбас және үйсіз азаматтарды анықтап, сәйкестендіру және есепке қою мақсатында 153 азаматты жеткізген.
Жедел-профилактикалық іс-шара 25–27 ақпан аралығында өтуде. Іс-шараның негізгі мақсаты — әлеуметтік және құқықтық көмекке мұқтаж азаматтарды қолдау, санитариялық-эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандыру және қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету.
