Атырау облысының бас полицейі БАҚ өкілдеріне полицияның бір күндік жұмысын таныстырды
Атырау облысының бас полицейі БАҚ өкілдеріне полицияның бір күндік жұмысын таныстырды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Полицияның күнделікті қызметі үздіксіз қозғалыс пен жауапкершілікке толы. Әрбір шақыртуға жедел әрекет ету, патрульдеу, заманауи технологияларды пайдалану – тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған жүйелі жұмыстың бір бөлігі. Осы мақсатта Атырау облысы полиция департаменті бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне арналған пресс-патруль ұйымдастырып, полиция қызметінің бір күндік жұмысын таныстырды.

Іс-шараға Атырау облысы полиция департаментінің бастығы Оңал Бекеев қатысып, журналистермен бірге қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ететін бірқатар маңызды нысандарды аралады.

Пресс-патрульдің алғашқы аялдамасы Исатай-Махамбет алаңындағы стационарлық полиция бекеті болды. Бұл – тәуліктің кез келген уақытында азаматтарға құқықтық көмек көрсетілетін алғашқы орындардың бірі. Қалта ұрлығы, жоғалған бала, ұсақ бұзақылық немесе басқа да құқықтық мәселелер бойынша тұрғындар осы бекеттерге жүгіне алады. Қазіргі таңда Атырау қаласында тәулік бойы жұмыс істейтін жеті стационарлық полиция бекеті бар. Олар күніне жүзге жуық азаматқа қызмет көрсетсе, мереке және демалыс күндері бұл көрсеткіш екі-үш есеге дейін артады.

Журналистерге полиция жұмысының тағы бір маңызды бағыты – ұшқышсыз ұшу аппараттарының мүмкіндіктері таныстырылды. Дрондар қоғамдық тәртіпті бақылауда, тыйым салынған орындарда суға түсу деректерін анықтауда, абаттандыру қағидаларының сақталуын қадағалауда, жол қозғалысы ережелерінің өрескел бұзылуын тіркеуде және жоғалған азаматтарды іздестіруде кеңінен қолданылады. Жыл басынан бері олардың көмегімен 80-нен астам құқық бұзушылық анықталған.

Келесі кезекте Азаттық пен Абай көшелерінің қиылысында полиция қызметкерлері жол қозғалысын бақылауға арналған "Ekin Patrol" мобильді автокешенінің жұмысын көрсетті.
Қызметтік автокөлік қозғалыс барысында мемлекеттік тіркеу нөмірлерін автоматты түрде оқып, іздеуде жүрген көліктерді анықтайды, жылдамдық режимін бақылайды. Құқық бұзушылық анықталған жағдайда ақпарат бірден полицияның ақпараттық жүйесіне жіберіліп, жүргізушіге SMS-хабарлама жолданады. Бүгінде облыста осындай 24 мобильді автокешен жұмыс істейді. Ал автоматтандырылған бақылау жүйелерімен жабдықталған кешендердің жалпы саны 60-қа жеткен. Соның нәтижесінде жыл басынан бері 1700-ден астам құқық бұзушылық тіркелген.
Пресс-патрульдің соңғы нүктесі көпқабатты тұрғын үйдің ауласы болды. Өйткені қауіпсіздік ең алдымен әрбір ауланың тыныштығынан басталады.
Қаныш Сәтбаев көшесінде өткен кездесуде Оңал Бекеев тұрғындармен ашық пікір алмасып, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, бейнебақылау жүйелерін дамыту, интернет-алаяқтықтың алдын алу, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл және құқықтық мәдениетті қалыптастыру мәселелерін талқылады. Тұрғындар өз ұсыныстары мен сауалдарын қойып, оларға тікелей департамент басшысынан жауап алды.
Іс-шара соңында Оңал Бекеев журналистердің сұрақтарына жауап беріп, полиция қызметіндегі басты қағидаттардың бірі – ашықтық, халықпен серіктестік және заманауи технологияларды тиімді пайдалану екенін атап өтті.
Пресс-патруль полиция қызметінің тек құқық бұзушылықтарға ден қоюмен шектелмейтінін айқын көрсетті. Бұл – көшедегі патрульден бастап, әуедегі дрондарға, интеллектуалды бақылау жүйелерінен тұрғындармен ашық диалогқа дейін жалғасатын кешенді қауіпсіздік жұмысы. Оның басты мақсаты – әрбір азамат өзін қауіпсіз сезінетін қоғамдық орта қалыптастыру.
