Отбасылық зорлық-зомбылыққа жол жоқ: құқық бұзушы қоғамдық жұмысқа тартылды
Қызылорда облысында әйеліне қол көтерген азамат қоғамдық жұмысқа тартылды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Жуырда Қармақшы аудандық пробация қызметінің есебіне Д. есімді азамат алынды. Ол заңды некедегі жұбайына қол көтеріп, денсаулығына қасақана жеңіл зиян келтіргені үшін Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 108-бабының 1-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, сот үкімімен 100 сағат қоғамдық жұмысқа тарту жазасына кесілді.
Қазіргі уақытта пробациялық бақылаудағы азамат сот үкіміне сәйкес көше тазалау жұмыстарына қатысуда. Пробация қызметінің мамандары оған заң талаптарын түсіндіріп, тағайындалған жазаны өтеу тәртібімен таныстырған.
Өз ісіне өкініш білдірген сотталған жасаған әрекетін қайталамауға ниетті екенін айтты.
– Ашу үстінде әйеліме қол көтеріп қойдым. Бұл әрекетіме қатты өкінемін. Қазір сот тағайындаған жазаны өтеп жатырмын. Алдағы уақытта жұбайымды құрметтеп, сыйлап өтемін, – деді ол.
