Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Елордада полиция студенттерге сталкингке нөлдік төзімділік қағидатын түсіндірді

Елордада полиция студенттерге сталкингке нөлдік төзімділік қағидатын түсіндірді, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Астанада құқық бұзушылықтардың алдын алу және жастардың құқықтық сауаттылығын арттыру бағытында жүйелі жұмыс жүргізілуде. Негізгі бағыттардың бірі — сталкинг пен зорлық-зомбылықтың өзге де түрлеріне нөлдік төзімділік қағидатын түсіндіру болып табылады.

Кезекті профилактикалық іс-шара Астана медициналық университеті базасында өткізілді. Студенттер алдында елордалық полиция және прокуратура қызметкерлері сөз сөйледі. Кездесу барысында сталкингтің мәні, оның белгілері және неліктен қудалау зорлық-зомбылықтың бір түрі болып саналатыны жан-жақты түсіндірілді.

Студенттерге сталкингке тап болған жағдайда не істеу керектігі, қайда жүгіну қажет екені, қудалау фактілерін қалай тіркеу және өз құқықтарын қорғау жолдары көрсетілді. Қатысушылар құқық қорғау органдары өкілдеріне өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, нақты жауаптар алды.

Тақырыптың өзектілігін статистика да растайды: жыл басынан бері елордада сталкинг дерегі бойынша 19 іс тіркелген. Бұл профилактикалық және түсіндіру жұмыстарының, әсіресе жастар арасында, ерекше маңызды екенін көрсетеді.

Сонымен қатар қатысушыларға 2025 жылдың шілде айында Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне енгізілген 115-1-бап (Сталкинг) туралы еске салынды. Аталған заңға сәйкес, қудалау үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылған, яғни мұндай әрекеттерге нақты құқықтық баға беріліп, тиісті жаза қолданылуы мүмкін.

Мұндай кездесулер елордада тұрақты түрде ұйымдастырылып отырған кешенді профилактикалық жұмыстың бір бөлігі болып табылады. Негізгі мақсат — құқық бұзушылықтардың алдын алу ғана емес, сонымен қатар жастар арасында құқықтық мәдениетті қалыптастыру, өзгенің жеке шекарасына құрметпен қарау және қауіп төнген жағдайда қорғану тетіктерін түсіндіру.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру