Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Павлодар облысында полиция жолда қалып қойған жүргізушіге көмектесті

Павлодар облысында полиция көмегінің арқасында жолаушылар жолда қалмады, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Түнгі сағат 03:00 шамасында Май ауданының полициясына хабарлама түсті. Ер адам көмек сұрап, Атамекен – Курчатов автожолында көлігі бұзылып қалғанын, өз күшімен ақауды жоя алмай отырғанын жеткізген.

Анықталғандай, Газель-Фермер автокөлігінің жүргізушісі Көкшетау қаласынан Шығыс Қазақстан облысы бағытына құрылыс материалдарын тиеп келе жатқан. Жүргізушіден бөлек, салонда екі жолаушы болған. Жол үстінде көлік кенеттен өшіп қалып, сол сәтте сырттағы ауа температурасы -35 градусқа дейін төмендеген.

Бірнеше сағат бойы жолаушылар ақауды өз бетінше жөндеуге тырысқанымен, қатты аяз салдарынан нәтиже болмаған. Бұл уақытта жолда өзге көліктер де болмаған.

Оқиға орнына жедел жеткен полиция қызметкерлері  Әділет Оналбаев пен Ильдар Абдулкаримов азаматтарға қажетті көмек көрсетті. Тәртіп сақшылары көлікті жылыту пунктіне дейін жеткізуге жәрдемдесіп, жолаушыларды ыстық тамақпен қамтамасыз етті. Сондай-ақ олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, туындаған жағдайды толық бақылауға алды.

– Полиция қызметкерлерінің жедел әрі кәсіби әрекеттерінің арқасында біз қатты аязда жолда қалып қойған жоқпыз. Уақтылы көмек көрсетіп, жанашырлық танытқандары үшін үлкен алғысымды білдіремін, – дейді жүргізуші Сергей Павлович.

Ведомство мәліметінше, полицияның басты міндеті – азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Қатты аяз кезеңінде полиция қызметкерлері облыс автожолдарында күшейтілген режимде қызмет атқарып, қалааралық трассаларды патрульдеуде. Бұл бағыттағы жұмыс қиын жағдайға тап болған көліктерді дер кезінде анықтап, оларға жедел көмек көрсетуге бағытталған.

Полиция жүргізушілерге қысқы кезеңде көлікті пайдалануға мұқият дайындалуды, жолға шығар алдында техникалық жағдайын тексеруді және төмен температура жағдайында алыс сапарға шыққанда жеке қауіпсіздік шараларын сақтауды ескертеді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру