СҚО-да полиция басшылары транзиттік жүк көлігі жүргізушілеріне ЖҚЕ түсіндіруде
СҚО-да полиция басшылары транзиттік жүк көлігі жүргізушілеріне ЖҚЕ түсіндіруде, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Солтүстік Қазақстан облысында жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында күшейтілген профилактикалық жұмыстар жүргізілуде. Ең қарқынды жол учаскелерінде күн сайын рейдтік іс-шаралар ұйымдастырылып, транзиттік жүк көліктерінің жүргізушілеріне жол қозғалысы ережелері түсіндірілуде.

Жуырда Тайынша ауданы аумағындағы Келлеровка ауылы маңында полиция бөлімшелерінің басшылары жүк көлігі жүргізушілерінің еңбек және демалыс режимін сақтауын тексерді.
Жыл басынан бері Солтүстік Қазақстан облысы жолдарында 56 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Соның салдарынан 10 адам қаза тауып, 70 адам түрлі дәрежедегі жарақат алған. Қайғылы статистиканы азайту үшін полиция кешенді алдын алу шараларын қолға алуда.
Қалааралық тасжолдарда тек патрульдік экипаждар ғана емес, облыстық және аудандық полиция бөлімшелерінің басшылары да жұмыс істеуде. Кеше кешкісін Астана — Петропавл автожолы бойының Келлеровка ауылы маңындағы учаскесінде ауқымды түсіндіру акциясы өтті. Бұл бағытта қозғалыс қарқыны жоғары: DAF, Shacman және КАМАЗ маркалы ауыр жүк көліктері тәулік бойы транзитпен қатынайды.

СҚО ПД әкімшілік полиция басқармасының бастығы Алтынбек Жамалиев, аудандық полиция бөлімінің бастығы Дәурен Ибраев және патрульдік полиция батальонының командирі Рүстем Испердинов ондаған жүргізушімен жеке кездесіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Негізгі талаптар:
-
жылдамдық режимін қатаң сақтау;
-
басып озу және маневр жасау ережелерін бұзбау;
-
рөлде смартфон қолданбау;
-
міндетті демалыс режимін сақтау.
Сондай-ақ жүргізушілерге SMS-хабарламалар арқылы жол-климаттық жағдайлар туралы ескертулердің маңызы түсіндірілді. Өңірдің солтүстігінде көктайғақ пен боран кез келген уақытта туындауы мүмкін.
– ІІМ тапсырмасын орындау мақсатында облыс аумағында жол-көлік оқиғаларының алдын алу акциясы жалғасуда. Профилактика күшейтілген режимде жүргізілуде. Қозғалыс ең қарқынды кезеңдерде – 20:00-ден 23:00-ге дейін және таңғы 04:00-ден 07:00-ге дейін – инспекторлар бөлімше басшыларымен бірге көліктерді профилактикалық тоқтатуды жүзеге асырады. Әңгімелесу барысында басты назар басып озу қағидаларына және рөлде смартфон қолданудың жол берілмейтініне аударылады, – деп атап өтті Алтынбек Жамалиев.
Түсіндіру жұмыстарымен қатар трассалардағы тәртіпті техникалық құралдар да күшейтуде: патрульдік көліктің жарық сигналын еліктейтін жалған маяктар, жануарлар мен жаяу жүргіншілер макеттері орнатылған. Мұндай шаралар жүргізушілерді орта есеппен 20 пайызға жылдамдықты төмендетуге ықпал етеді.
Сонымен қатар құқық қорғау органдары жол қозғалысы ережелерінің бұзылуын анықтау үшін ұшқышсыз ұшу аппараттарын да белсенді қолдануда.
Дегенмен, жол-көлік оқиғалары, әсіресе демалыс күндері, әлі де тіркелуде.
Полиция ескертеді: жол қателікті кешірмейді. Рөлдегі тәртіп пен жауапкершілік – сіздің және жақындарыңыздың өмірінің кепілі.
