Ақтөбе облысында сотталғандарға құқықтық көмек көрсету мәселелері талқыланды
Ақтөбе облысында сотталғандарға құқықтық көмек көрсету мәселелері талқыланды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
25 ақпанда Ақтөбе облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаменті бастығының орынбасары Аман Нағашбаевич Күлмұхамбетовтің төрағалығымен сотталғандарға құқықтық көмек көрсетуге бағытталған дөңгелек үстел отырысы өтті. Іс-шараны №8 мекеме ұйымдастырды.

Аталған кездесуге Ақтөбе облысының Нотариаттық палатасының, "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясының (ХҚКО) филиалының, сондай-ақ "Отбасы банк" акционерлік қоғамының өкілдері қатысты. Кездесудің негізгі мақсаты – жазасын өтеп жатқан азаматтарға мемлекеттік және құқықтық қызметтердің қолжетімділігін арттыру, сондай-ақ олардың құқықтары мен заңды мүдделерін сенім білдірілген тұлғалар арқылы қорғау тетіктерін жетілдіру мәселелерін талқылау болды.
Іс-шара барысында сотталғандардың атынан сенімхаттарды рәсімдеу тәртібі мен оны ұйымдастыру тетіктері жан-жақты қарастырылды. Бұл өз кезегінде олардың құқықтық, әлеуметтік және тұрмыстық сипаттағы мәселелерін заң талаптарына сәйкес шешуге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясының мамандары мен Қазақстан Республикасының Ұлттық куәландырушы орталығының қолдауымен сотталғандарға электрондық цифрлық қолтаңба алу мүмкіндігі, оның ішінде қашықтықтан рәсімдеу жолдары талқыланды. Бұл шара сотталған азаматтардың мемлекеттік қызметтерге қол жеткізуін жеңілдетіп, құқықтық мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған.
Кездесу барысында сотталғандардың қаржылық және әлеуметтік мәселелерін шешу мақсатында екінші деңгейлі банктермен және өзге де ұйымдармен өзара іс-қимылды дамыту мәселелеріне де ерекше назар аударылды.
Іс-шара қорытындысы бойынша қатысушылар ведомствоаралық өзара ынтымақтастықтың маңыздылығын атап өтіп, қылмыстық-атқару жүйесін ізгілендіруге, сондай-ақ сотталған азаматтардың құқықтық қорғалу деңгейін арттыруға бағытталған бірлескен шараларды жүзеге асыруға дайын екендіктерін білдірді.
