Ақтөбе облысы бойынша ҚАЖД мекемесінде Ұлттық домбыра күні аталып өтті
Ақтөбе облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің №8 мекемесінде тәрбие бөлімінің қызметкерлері Ұлттық домбыра күніне арналған мәдени-танымдық іс-шара ұйымдастырды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Іс-шараға облыстық музей мен мәдениет басқармасының өкілдері қатысып, сотталғандарға ұлттық музыкалық аспаптың тарихы, оның қазақ халқының рухани мұрасындағы орны және ұлттық дәстүрлерді сақтаудағы маңызы туралы айтып берді.
Шара барысында сотталғандардың бірі домбырада күй орындап, жиынның ерекше көркін ашты. Оның өнері қатысушылардың қызығушылығын тудырып, ұлттық өнердің тәрбиелік мәні мен маңызын айқындай түсті.
Кездесу барысында қатысушылар домбыраның шығу тарихымен, белгілі күйшілердің шығармашылығымен және ұлттық мәдениеттің қоғамдағы рөлімен танысты.
Осындай іс-шаралар сотталғандардың рухани-адамгершілік тәрбиесіне оң әсер етіп, олардың ұлттық құндылықтарға, мәдени мұраға деген құрметін арттыруға ықпал етеді.
