Таза өңір – ортақ жауапкершілік: ШҚО-да "Таза Қазақстан" акциясы жалғасып жатыр
Шығыс Қазақстан облысында елдімекендердің тазалығын сақтау, рұқсатсыз қоқыс үйінділерінің пайда болуына жол бермеу және тұрғындардың экологиялық мәдениетін арттыру мақсатында ұйымдастырылған республикалық "Таза Қазақстан" экологиялық акциясы жалғасып жатыр, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жыл басынан бері облыс аумағында 5 мыңнан астам әкімшілік құқық бұзушылық анықталды. Оның ішінде 4 332 дерек Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 505-бабы бойынша елдімекендерді абаттандыру қағидаларын бұзуға, ал 832 дерек 434-2-бабы бойынша ортақ пайдаланылатын орындарды ластауға қатысты.
Рұқсатсыз қоқыс үйінділерін анықтау және жою жұмыстарына ерекше назар аударылуда. Жыл басынан бері 120-дан астам заңсыз қоқыс үйіндісі анықталып, олардың 87-сі жойылды.
Профилактикалық жұмыстарда бейнебақылау камералары да тиімді қолданылуда. Олардың көмегімен жыл басынан бері 2 015 құқық бұзушылық анықталды. Оның ішінде 1 878 дерек абаттандыру қағидаларын бұзуға, ал 137 дерек ортақ пайдаланылатын орындарды ластауға байланысты.
