Қиын істің шешімін тапқан тергеуші
Полиция подполковнигі Алтынай Құлниязова 26 жыл бойы құқық қорғау саласында қызмет етіп келеді. Осы уақыт ішінде ол көптеген күрделі қылмыстық істерді тергеп, әділдіктің салтанат құруына үлес қосты, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Кезінде Алтынай Құлниязованың алдында маңызды таңдау тұрды: полиция қызметін таңдау ма, әлде медицина саласына бет бұру ма? Екі мамандықтың да мақсаты бір — адамға көмектесу. Бала кезінен мейірімділігімен, жанашырлығымен ерекшеленген Алтынай қиын жағдайға тап болған жандарға қол ұшын созып, панасыз жануарларға қамқорлық танытып өсті. Оның болашақ мамандығын таңдауда әкесі — отставкадағы полиция майоры Іңірбай Әйтімұлының да ықпалы зор болды.

Мектепті үздік тәмамдаған Алтынай Ақтөбе заң институтына оқуға түсіп, тергеуші мамандығын жоғары деңгейде меңгеріп шықты. Еңбек жолын Ақтөбе қаласындағы полиция бөлімдерінің бірінде бастаған жас тергеушінің алғашқы ірі істерінің бірі — Әзірбайжан азаматының өліміне қатысты қылмысты тергеу болды. Қылмыстық іс материалдарын әзірбайжан тілінде жүргізуге тура келгеніне қарамастан, қайсар қыз істі кәсіби деңгейде жүргізіп, әділ шешім шығуына ықпал етті. Осылайша әріптестерінің құрметіне ие болды.
Бүгінде полиция подполковнигі Алтынай Құлниязова — Ақтөбе облысы полиция департаменті тергеу басқармасының аса маңызды істер жөніндегі аға тергеушісі. 26 жылдық қызметінде ол көптеген күрделі қылмыстық істерді тергеп, он жылдан астам уақыт аса ауыр қылмыстармен, соның ішінде адам өлтіру фактілерімен айналысты.
— Жетістігімнің құпиясы — өз ісіме деген шынайы сүйіспеншілігімде. Тергеу — менің жүрегіме жақын мамандық. Нағыз тергеуші болу үшін өз кәсібіңді жан-тәніңмен сүю керек. Сонда ғана әділдік жолында бар күш-жігеріңді жұмсай аласың, — дейді ол.
Қызмет барысында Алтынай түрлі тағдыр иелерімен кездеседі: жасаған ісіне шын өкінетіндер де, керісінше мүлде өкінбейтіндер де бар. Дегенмен, жәбірленушілердің құқығы қорғалып, кінәлілер әділ жазасын алған сайын, ол таңдаған жолының дұрыстығына тағы бір мәрте көз жеткізеді.
Тергеушінің жадында ерекше сақталған істердің бірі — бір топ жас жігіттің кездейсоқ өтіп бара жатқан адамды аяусыз соққыға жыққан оқиғасы. Соның салдарынан жәбірленуші өмір бойы төсекке таңылып қалған. Алтынайдың табандылығы мен принципшілдігінің арқасында қылмысқа қатысы барлардың барлығы ең қатаң жазаға тартылды. Сол сәтте ғана ол терең тыныстап, әділдік жолын таңдағанына тағы да риза болғанын айтады.
Алтынайдың айтуынша, тергеудің басты қағидасы — адалдық пен әділдік. Бұл өмірлік ұстанымды оған әкесі үйреткен.
Бүгінде ол тәжірибелі тергеуші ғана емес, көпбалалы ана. Жолдасымен бірге үш қыз бен екі ұл тәрбиелеп отыр. Жолдасы — полиция подполковнигі Еркебұлан Алимұханбетов ұзақ жылдар бойы полиция саласында қызмет атқарып, бүгінде ішкі істер министрлігінің зейнеткері.
Жауапты қызмет атқара жүріп, Алтынай отбасысына да жеткілікті уақыт бөледі. Балаларына мейірімді ана, шаңырағына береке сыйлаған жан.
— Мен үшін сыйлықтың құндылығы оның бағасымен өлшенбейді. 8 наурызда мен үшін ең қымбат сый — балаларымның өз қолымен жасаған тартулары мен жақындарымның шынайы ықыласы, — дейді ол.
