Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Көрісу күні — амандық пен татулықты дәріптейтін мереке

Маңғыстау облысында ҚАЖД қызметкерлері Көрісу күнін атап өтті, — деп хабарлайды Polisia.kz.

Наурызнама онкүндігінің алғашқы күнінде Маңғыстау облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінде Көрісу күні – Амал мерекесі аталып өтті. Бұл мереке Маңғыстаудың қасиетті жерінде ертеден бері жаңа жылдың бастауы әрі көктемнің жаңаруын білдіретін ерекше күн ретінде қадірленеді.

Маңғыстау – ата-баба дәстүрі сақталған өлке. Бұл өңірде Амал мерекесінің орны ерекше, себебі дәл осы күннен бастап көктемнің жаңа кезеңі басталады.

Департамент пен оған қарасты мекемелерде таңғы уақыт көрісу дәстүрімен басталды. Ұлттық нақыштағы киім киген қызметкерлер бір-бірімен қол алысып, құшақтасып, ізгі тілектерін білдірді. Жиналғандар бір-бірін “Бір жасыңмен!” деп құттықтап, жаңа жылдың берекелі басталуын тіледі.

Департамент ұжымы бұл күннің қызметкерлер арасындағы бірлік пен ұйымшылдықты нығайтудағы маңызын ерекше атап өтті. Мерекелік дастархан ұлттық тағамдармен безендіріліп, ұрпақтар сабақтастығына айрықша мән берілді. Жас офицерлерге қызмет ардагерлері ақ батасын берді.

Сондай-ақ Амал мерекесіне арналған іс-шаралар облыстағы мекемелерде арнайы контингент арасында да ұйымдастырылды. Оның басты мақсаты – кешірім, мейірім және ұлттық құндылықтарды сақтау идеясын насихаттау.

— Маңғыстау халқы үшін Амал – жай ғана мереке емес. Бұл – адамдар бір-біріне деген ренішін ұмытып, бауырластық пен татулықты нығайтатын ерекше кезең. Біз Наурызнама онкүндігін осы жарқын күннен бастап, ата дәстүрімізге деген құрметімізді білдіреміз, — деп атап өтті Маңғыстау облысы бойынша ҚАЖ департаментінің басшылығы.

Наурызнама аясында департаментте алдағы күндері қайырымдылық акциялары, мәдени және спорттық іс-шаралар өткізу жоспарланған. Бұл бастамалар ұлттық құндылықтарды дәріптеуге және қоғамдағы бірлік пен ынтымақты нығайтуға бағытталған.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру