Абай облысында кептірілген марихуана сақтаған тұрғын жауапқа тартылды
Абай облысында кептірілген марихуана сақтаған тұрғын жауапқа тартылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Абай облысының 60 жастағы тұрғыны жайылымда жүріп, жабайы өсетін қарасора өсімдігін жұлып алған. Кейін оны кептіріп, үйінде екі полимер пакеттің ішінде сақтаған. Тәркіленген кептірілген марихуананың жалпы салмағы шамамен бір келіні құрады.
Сот ер адамды кінәлі деп танып, оған 100 сағат қоғамдық жұмыс түріндегі жаза тағайындады.
Сотталған азамат Семей қаласының Жаңасемей ауданының пробация қызметінің есебіне алынды. Оған қатысты қайта құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған профилактикалық, тәрбиелік және түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Пробация қызметкерлерімен әңгімелесу барысында ол 10 жылдан астам уақыт бойы жалғыз тұратынын айтты. Жазаны орындау мақсатында ол өзі тұратын елді мекен әкімдігінде аула сыпырушы болып жұмысқа орналасты. Қазіргі уақытта ол өзіне жүктелген міндеттерді адал атқарып, жіберген қателігін түзетуге тырысуда.
— Пробация қызметінің негізгі міндеті — тек жазаның орындалуын бақылау ғана емес, сонымен қатар сотталғандарға әлеуметтік және психологиялық көмек көрсету. Бұл жағдайда азаматпен оны қайта әлеуметтендіруге бағытталған кешенді жұмыс жүргізілуде. Жұмысқа орналастыру, профилактикалық әңгімелер және тұрақты сүйемелдеу оған жіберген қателіктерін түсінуге және түзелу жолына түсуге көмектеседі. Біз оң өзгерістерді байқап отырмыз және оның дұрыс қорытынды жасайтынына сенеміз, — деп атап өтті Семей қаласы Жаңасемей ауданы пробация қызметінің аға инспекторы Серікбаев Мұрагер.
