Жетісу облысында ортақ орындарды ластаған 50-ге жуық азамат жауапқа тартылды
Экологиялық құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында табиғатты қорғау полициясының қызметкерлері Талдықорған тұрғындарымен маңызды кездесу өткізді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Диалог ашық форматта өтіп, әрбір қатысушы пайдалы ақпарат алып қана қоймай, өздерін толғандырған сұрақтарын қоюға мүмкіндік алды.
Кездесу барысында азаматтарға Қазақстан Республикасының экологиялық заңнамасының талаптары жан-жақты түсіндірілді. Заңсыз қоқыс тастау, қоршаған ортаны ластау және табиғатқа, адамдардың өмір сүру сапасына зиян келтіретін өзге де құқық бұзушылықтар үшін жауапкершілікке ерекше назар аударылды.
Бар болғаны екі ай ішінде Жетісу облысында абаттандыру қағидаларын бұзғаны үшін 2763 азамат жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар ортақ пайдалану орындарын ластағаны үшін 46 адам жазаланды.
Полиция табиғатты қорғау талаптарын сақтауға, қоршаған ортаға ұқыпты қарауға және құқық бұзушылықтарға бейжай қарамауға шақырады.
