Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Батылдық пен жауапкершілік: арнайы жасақ қызметкерінің кәсіби жолы

Арнайы жасақ қызметкерінің әр күні – тәртіп пен тәуекелдің, жауапкершілік пен жанқиярлықтың үйлесімі. Осы жолды таңдап, антқа адал, сертке берік болып жүрген сақшылардың бірі Жалғас Бақтияров. Қылмыскерді ұстау, қарумен жұмыс істеу, дене даярлығын жетілдіру, қажет болса серіктесін ажалдан арашалау – мұның бәрі кейіпкеріміздің күнделікті міндеті, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Өскемен қаласындағы заң колледжін тәмамдаған Жалғас еңбек жолын әскери бөлімде кинолог ретінде бастаған. 2019 жылдың қараша айында Павлодар облысы полиция департаментінің жылдам қимылдайтын арнайы жасағына инспектор болып қабылданады. Ал 2023 жылдың шілде айынан бастап взвод командирі қызметіне тағайындалған.

Қоғам тыныштығы үшін қызмет етіп жүрген Жалғас Бақтияров үшін бұл – жай жұмыс емес, өмірлік таңдау.

– ЖҚАЖ құрамына келген сәттен бастап бұл менің ортам екенін түсіндім. Арнайы бөлімдегі қызмет – нағыз ер азаматтың ісі. Әр күніміз нақты жоспармен өтеді: жаттығу, тактикалық дайындық, атыс машықтары. Дегенмен бұл қызметтің тосын қыры да бар – бүгін қандай тапсырма берілетінін алдын ала білмейсің. Бұл жолды таңдағанда қауіп туралы ойламайсың. Алғаш рет қару ұстаған сәтте толқығаным рас, бірақ уақыт өте келе барлық қиындықты еңсердік. Көбіне бізден гөрі жақындарымыз көбірек алаңдайды, – дейді Жалғас.

Ең күрделі тапсырмалар жүктелетін элиталық бөлімде қызмет ету – үлкен жауапкершілік. Мұнда қызметкерлер қатаң іріктеуден өтеді. Негізгі талап – жоғары деңгейдегі дене даярлығы мен психологиялық төзімділік. Оқу-жаттығулар барысында жауынгерлер экстремалды жағдайларда әрекет етуге машықтанып, түрлі қауіп-қатерге қарсы тұруға дайындалады. Сонымен қатар зейін, есте сақтау және жедел ойлау қабілеттерін дамытуға ерекше мән беріледі. Жауынгерлік дайындық сабақтарында қоғамдық тәртіпке қауіп төндіретін тұлғаларды ұстау тәсілдері жетілдіріледі. Бұл – тек күш емес, кәсіби шеберлік пен салқынқандылықтыталап ететін жұмыс.

Әріптестері Жалғас Бақтияровты батыл, қайсар, өз ісіне адал әрі білікті маман ретінде сипаттайды.

– ЖҚАЖ – бұл бір үйдің баласындай ұйым. Мұнда әріптестеріңе толық сенім арта аласың. Біз бір-бірімізді әрдайым қолдаймыз. Әрқайсымыз қажет болса, серігіміз үшін тәуекелге баруға дайынбыз. Бұл – нағыз бауырластық. Қызмет бізді тек физикалық емес, рухани тұрғыдан да шыңдайды. Біз үшін орындалмайтын тапсырма жоқ, – дейді капитан.

Қызметте ол – сенімді командир, ал үйінде – ардақты жар, төрт баланың қамқор әкесі.

Жұбайы Самалдың айтуынша, арнайы бөлімдегі қызмет үлкен түсіністік пен қолдауды қажет етеді.

– Оның қызметі оңай емес, жауапкершілік жүгі ауыр. Сондықтан отбасымызда әрдайым қолдау көрсетуге тырысамыз. Біздің шаңырақта екі ұл, екі қыз өсіп келеді. Болашақта олардың бірі әке жолын таңдаса, бұл біз үшін үлкен мақтаныш болар еді, – дейді ол.

Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес жүргізу – арнайы жасақ жауынгерлерінің басты миссиясы. Олар алдағы уақытта да кәсіби біліктілігін арттырып, ел тыныштығын қорғау жолында қызметін жалғастыра бермек.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру