Қызмет пен құндылық: полицейлер сала ардагерлерімен кездесті
Қарағанды облысы полиция департаментінде ұрпақтар арасындағы адалдық пен қызметтің үлгісін паш еткен кездесу өтті. Ардагерлер мен жас қызметкерлер бір арнада тоғысып, кәсіби және отбасы құндылықтарын дәріптеді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қарағанды облысы полиция департаментінің төрінде өткен бұл кездесу – жүрекке жылу сыйлаған, ұрпақ сабақтастығын айшықтаған тағылымды басқосу болды. Жас буын тәртіп сақшылары үшін бұл тек жүздесу емес, адал қызмет пен берік отбасының мәнін ұғындырған ерекше мектепке айналды.
Кештің басты кейіпкерлері – ғұмырын да, қызметін де қатар өрген, жарты ғасырдан астам уақыт бойы бір-біріне тірек болып, елге қалтқысыз еңбек еткен ардагер отбасылар. Олардың қатарында Роман мен Надежда Мациевскийлер, Николай мен Елена Саитғалиндер, Юрий мен Александра Нечаевтар, сондай-ақ Әли мен Галина Ахметовтар бар. Бұл жандардың өмір жолы – адалдық пен жауапкершіліктің, төзім мен сенімнің жарқын үлгісі.

Әсіресе Надежда Мациевская, Елена Саитғалина, Александра Нечаева және Галина Ахметова сынды аналар кәмелетке толмағандармен жұмыс істеп, талай тағдырдың түзу жолға түсуіне себепкер болды. Олар тек қызметкер ғана емес, жас ұрпақтың жанашыры, тәрбиешісі бола білді. Ал ер азаматтар болса, "Құрметті кенші" атағын иеленген Роман Мациевскийден өзге, құқық қорғау саласында түрлі жауапты қызметтерді абыроймен атқарып, ел тыныштығы жолында аянбай еңбек етті.
Кездесуде Қарағанды облысы полиция департаменті бастығының орынбасары Даурен Ибраев сөз алып, ардагерлер мен жас қызметкерлерді Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамымен құттықтады. Ол сөзінде ардагерлердің өнегелі өмір жолы – бүгінгі буын үшін сарқылмас рухани қазына екенін атап өтіп, олардың елге сіңірген еңбегіне зор құрмет білдірді. Ізгі тілектермен қатар, ардагерлерге алғыс хаттар мен гүл шоқтары табысталып, шынайы ілтипат көрсетілді.

Кеш барысында құрметті қонақтар өмірден түйген ойларымен бөлісіп, ұзақ та бақытты отбасының, табысты қызметтің басты қағидаларын әңгімеледі. Олардың әрбір сөзі – тәжірибеден туған тағылым, әрбір кеңесі – болашаққа бағытталған бағдар іспетті болды.
Осындай кездесулер – буындар арасын жалғап, рухани сабақтастықты нығайтатын алтын көпір. "Алтын отбасылардың" өнегелі өмірі мен адал қызметі – жас полицейлер үшін мәңгілік үлгі, елге қызмет етудің шынайы мәнін айқындайтын биік өлшем болып қала бермек.

