Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Павлодар облысындағы балалар шығармашылық үйінде оқушылармен кездесу ұйымдастырылды

Ақсу қаласындағы балалар шығармашылық үйінде оқушылармен ауқымды профилактикалық кездесу өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Ашық диалог форматында ұйымдастырылған бұл іс-шара жасөспірімдерге дәрісті тыңдап қана қоймай, құқық қорғау органдары өкілдеріне өз сұрақтарын қойып, тікелей жауап алуға мүмкіндік берді.

Кездесуде тәжірибелі мамандар сөз сөйледі: қала прокуроры Зарина Иксатова, полиция бөлімі бастығының орынбасары Руслан Отарбаев және қоғамдық қауіпсіздік бөлімінің орынбасары Азамат Шоланов.

Руслан Отарбаевтың айтуынша, талқылаудың ең өзекті тақырыптарының бірі – құрдастар арасындағы буллинг мәселесі болды.

— Біз мектептегі немесе интернеттегі агрессияны "қиын жас кезеңімен" байланыстыратын жаңсақ пікірді жоққа шығардық. Мектептегі буллинг – жай ғана әзіл емес, ауыр құқықтық салдарға әкелуі мүмкін әрекет. Оқушыларға буллингті ерте кезеңде қалай анықтауға болатынын, қайда және кімге жүгіну керектігін, сондай-ақ құқық бұзушылыққа қатысушы болмаудың жолдарын түсіндірдік, — деді ол.

Кездесу барысында мектептегі жанжалдардан бөлек, құқық бұзушылықтардың түрлері де кеңінен талқыланды. Атап айтқанда ұсақ ұрлық пен бұзақылықтан бастап, ауыр қылмыстық әрекеттерге дейінгі құқық бұзушылықтар қарастырылды. Сонымен қатар жасөспірімдерге заң алдында жауапкершілік қай жастан басталатыны ескертіліп, мессенджерлер мен әлеуметтік желілердегі алаяқтық әрекеттерден сақтану жолдары түсіндірілді.

Іс-шара соңында белсенділік танытып, мазмұнды сұрақтар қойған оқушылар "Заң және тәртіп" тұжырымдамасы аясында естелік сыйлықтармен марапатталды.

Мамандардың айтуынша, мұндай кездесулер жастардың құқықтық сауаттылығын арттырып, олардың заңға деген жауапкершілігін қалыптастыруға ықпал етеді. Себебі заңды білу – тек міндет қана емес, сонымен қатар өз болашағын қорғаудың маңызды кепілі.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру