Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қызылордада жастар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу мәселелері талқыланды

Қызылордада "AMANAT" партиясы облыстық филиалының атқарушы хатшысы Ләйлә Төрешованың қатысуымен партияның облыстық филиалы жанындағы жастарды қолдау жөніндегі аймақтық кеңестің кезекті отырысы өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Жиында жастар арасындағы есірткі қылмысының алдын алу және кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылық деңгейін төмендету бағытындағы жұмыстар талқыланды.

Алғашқы мәселе бойынша өңірде атқарылып жатқан жұмыстар туралы Қызылорда облысы полиция департаменті есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Біржан Бағысов баяндады. Оның айтуынша биылғы жылдың 2 ай 15 күнінде есірткіге байланысты 39 құқық бұзушылық анықталған.

– Құқық бұзушылықтардың 12-сі – есірткіні өткізу фактісі. Сонымен қатар есірткіні заңсыз жарнамалау деректеріне қатысты прокуратура органдарымен бірлесіп 60 есепшот бұғатталып, жалпы сомасы 5 млн теңгеге шектеу қойылды. "Кибернадзор" жүйесі арқылы синтетикалық есірткіні жарнамалайтын 150 сайт анықталып, бұғатталды. Өткен жылы мемлекеттік органдар, "AMANAT" партиясы жанындағы "Жастар Рухы" жастар қанаты және жастар ресурстық орталығымен бірлесіп нашақорлық пен есірткі бизнесіне қарсы бағытталған түрлі іс-шаралар ұйымдастырылды. Бұл жұмыстар алдағы уақытта да жалғасады, – деді Біржан Бағысов.

Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша полиция департаментінің қоғамдық қауіпсіздік басқармасына қарасты ювеналды полиция бөлімінің аға инспекторы Раушан Абдразақова хабарлама жасап, өңірдегі кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу бағытында атқарылып жатқан жұмыстарды таныстырды.

Жиын барысында кеңес мүшелері жастар арасындағы құқық бұзушылық пен есірткі қылмысының алдын алуға қатысты бірқатар ұсыныстарын білдіріп, өзекті мәселелерді ортаға салды. Отырыс қорытындысы бойынша тиісті ұсыныстар әзірленіп, жауапты органдарға жолданатын болды.

Сондай-ақ жиын барысында жастарды қолдау жөніндегі аймақтық кеңестің төрағасы қызметіне партияның саяси кеңесі бюросының шешімімен Дәулет Ізбасарұлының сайланғаны таныстырылды. Ләйлә Төрешова жаңа кеңес төрағасының партиядағы белсенді қызметіне тоқталып, алдағы жұмысына сәттілік тіледі.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру